ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫНАН ТАЙСАЛМАҒАН ЖАН

0

Қазақстанда 1997 жылдан бері 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Ресми мәліметке сәйкес, 1921-1954 жылдары «халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесіліпті. Кеңестік тоталитаризмнен миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтас халықтар қудалауға түсті.

Балқарларды депортациялау –1944 жылғы 8-9 наурызда Мемлекеттік қорғаныс комитетінің шешімі бойынша іске асқаны тарихтан белгілі. Қуғын-сүргіннің бастамашысы және ұйымдастырушысы аты көпке мәлім Лаврентий Берия болғаны да баршаға аян. Сол кезде Қазақстан мен Қырғызстан аумағына Кабардино-Балқария аумағынан сол елдің халқын мәжбүрлеп шығару қарқынды жүргізілді. Тарихи деректерге сүйенсек 37 713 адам туған жерінен үдере көшірілген. Ресми түрде депортация Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германия жағында болған бірлескен құрылымдарға халық өкілдерінің қатысу фактілерімен негізделді. Кейіннен депортация заңсыз, қылмыстық және геноцид актісі деп танылды.

Зұлматты жылдар кезінде Қордай жеріне бірнеше ұлт өкілдері келген еді. Солардың бірі ата қонысынан ажырап, Красный октябрь (қазіргі Сұлутөр) ауылына жеткен МАДИНА МАГОМЕДҚЫЗЫ ТЕБЕРДИЕВА жайлы әңгіме қозғамақпыз.

Мадина Магомедқызы – тағдыр түсірген қиындықтарға қарамастан өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған қайсар жан. Ол 1930 жылы дүниеге келген. 1944 жылы, 14 жасында, отбасымен бірге Кабардин-Балқардан Қазақстанның Жамбыл облысына күштеп жер аударды. Жаңа қоныста олар жерден қазылған жертөледе күн кешіп, ауыр тұрмыс жағдайын бастан өткерді.

Мадина Магомедқызы үлкен отбасынан шыққан. Ата-анасы, үйелмелі-сүйелмелі алты бала аласапыран уақытта жақындарын жоғалту дегеннің қандай екенін жан жүрегімен сезінгендер. Жалғыз ұлдарын 16 жасында немістер алып кетіп, содан оралмады. 2 қыз Қырғызстанға жер аударылды дегенімен олардан еш хабар болмаған. 1945 жылы ата-анасы қайтыс болып, Мадина Тебердиева жалғыз қалады. Оның туған әпкесі Рабиға 1924 жылы өмірге келген болатын. Ол да репрессияға ұшырап, мұғалімдік білімі болса да, есепші болып қызмет атқарып жүріп 3 жылға сотталып кеткен. Осылайша үлкен отбасыдан аздаған уақыт ішінде тек жалғыз, өрімдей жас Мадина ғана қалады.

Жалғыздыққа мойымаған ол, ерте еңбекке араласып, жат жерде жанына жалау болған жандарды табады. 1949 жылы қазақ жігіті Еркімбай Бірімқұловпен отбасын құрды. Олар 6 бала тәрбиелеп өсіріп, өнегелі отбасына айналады. Ауылда сауыншы болып қызмет атқарды, кейіннен статистика басқармасында еңбек етті. Ол тек еңбекқор ғана емес, сонымен қатар халық еміне де жақын болды. Балаларды емдеп, тіпті құлаған аттарды да жазатын қасиеті болған.

«Кезінде Қазақстанға осылай күшпен жер аударылған ұлттарды қазақтар әдеттегі қонақжайлылығымен бауырына тартты. Жат деп жатырқаған жоқ. Бар ұлтты өзіндей көріп, пана бола білді. Халықтың асыл қазынасы деп аталатын, ата-бабадан балаға жетіп, өзіндік ерекшелігі мен сипатын сақтап, ұрпақтар арасын жалғастырып тұратын алтын арқау – халықтың діни сенімі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы болса керек. Анам қазақ тілін туған тіліндей меңгеріп, тек осы тілде ғана сөйлейтін. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді де тек қазақша сақтап, ұстанып отыратын», — дейді ұлы Мұхтар Еркімбайұлы.

Мадина апа 2019 жылы 89 жасында дүниеден өтті. Оның өмірі – қиындықтарға толы болса да, өшпес із қалдырған тарих.

Осы орайда айта кетерлігі Мадина Магомедқызының ұлы Мұхтар Бірімқұловтың жұбайы да балқар қызы – Зухра Тебердиева. Олар 35 жылдан бері бірге, екі қыз тәрбиелеп, өсірген. Бұл – Мадина апаның ұрпақтарының тарихының бір бөлігі ғана. Оның өмірі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен әулеттің бастауы.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.