Біздің өңірде «Қордай ауданының Құрметті азаматы», биші Зияш Жазықбаева мен ол құрған «Махаббат» халықтық би ансамблін білмейтіндер кемде кем. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында тұсауы кесілген бұл ұжым содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде болып, алыс-жақын шет елдерге дейін шығып, небір айтулы сахналарда би өнерінің құдыретін танытумен келеді. Алдағы 24 ақпан күні ансамбль жерлестеріне Қордай ауданының 95 жылдығына арналған кезекті концертін ұсынбақшы.
Бұл концерт екінші жағынан Зияштың өз қызы, қаршадайынан би – өмірінің өзегіне айналған Махаббат Тілеужанқызының шығармашылығының 20 жылдық есепті концерт-бенефисі түрінде болмақ. Ия, апыл-тапыл басқан шағынан анасының етегіне орала жүріп сахнаның құдіретін сезінген сол Махаббаттың да би өнеріне кәсіби түрде аяқ басқанына жиырма жыл болып қалыпты-ау. Зияш айтады: – Осы қызым өмірге келер алдында бір ғажайып түс көріп едім. Әлдебір тылсым күш бәрімізге бір хрусталь туфлиді ұсынып жатыр екен. Жан-жақтан анталап «маған бер, маған бер» деп таласқандарға бой бермей оны мен жұлып алдым. Үйелмелі-сүйелмелі үш ұлдан кейін тоғыз жыл өте шаңыраққа шаттық сыйлаған қуыршақтай қызымды бәрі жақсы көрді, есімін соның алдында ғана облыс бойынша «Айша бибіден» кейін екінші болып «халықтық» атағын иеленген өз ансамблімнің құрметіне Махаббат деп қойдым…»
Махаббат Бәденова 2003 жылы Қордайдағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының үшінші сыныбынан кейін Бішкектегі Ш.Базарбаев атындағы хореографиялық училищеге қабылданады. Оны бітіріп үлгермей, көрші елдегі 2010 жылғы төңкеріс салдарынан Алматыдағы Селезнев атындағы сондай училищеге ауысады. Онда атақты биші Шара Жиенқұлованың шәкірті Ганикамал Бейсенова, классикалық би бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Әшімова сынды білікті ұстаздардан тәлім алады. Ал, қайда оқып жүрсе де Махаббат туған жерінен, ондағы анасы басқаратын өнер ұжымынан қол үзген емес-ті, «Махаббат» бишілерінің сапында үлкенді-кішілі сахналарда мың бұрала билей жүріп өнерін шыңдаумен болды. Сол кездің өзінде-ақ, бірнеше дүркін халықаралық және облыстық би байқауларының жүлдегері атанып үлгерген болатын. 2006 жылы Эстонияның Тарту қаласында өткен «Жастық ғаламшары» халықаралық фестивалінің дипломанты атанса, 2009 жылы Ресейдің Туапсе қаласында атақты балерина Галина Уланова атындағы жас дарындарды қолдау қорының хореографиялық жазғы лагерінде бір айлық тәжірибеден өтеді. Сол жылы Ақтөбеде «Классика-2009» конкурсының ІІ дәрежелі дипломын иеленіп, 2010 жылы Таразда өткен халықтық өнерпаздар ұжымдарының байқауында «Ең үздік» биші» атанған болатын. Одан кейін Данияда және Германияда еліміздің бір топ талантты жастарымен бірге өнер көрсетіп қайтты. Екі мәрте халықтық «Өрлеу» байқауының лауреаты және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен «Би әлемі» облыстық дара бишілер байқауының Гран-при жеңімпазы болды. 2011 жылы «Әлия гүлі» ансамблінің 40 жылдығына арналған фестивальдің лауреаты атанды. 2013 жылы Селезнев атындағы училищеден «балет артисі» мамандығын алып шығады да, бірден Астанадағы «Astana ballet» мемлекеттік би театрына қабылданады. Сөйтіп, жас таланттың алдында үлкен өнер айдынына даңғыл жол ашылғандай еді.
Бірақ, өмір жолы тақтайдай тегіс емес қой, он сегіз жасында-ақ Махаббатты тағдыр сынағы қарсы алды. Би жаттығуларының бірінде аяғынан күрделі жарақат алып, тіпті, бимен біржолата қош айтысардай жағдай туындады. Бұл жас бишінің өзіне ғана емес, ата-анасына, бауырларына да ауыр тиді. Екі мәрте отадан кейін 2014 жылы жазда қос балдаққа сүйеніп үйге келген қаршадай қызының түр әлпетін көрген әкесі бірден сұлық түсті. Тілеужан содан оңалмады. Бірер ай бұрын ғана Махаббаттың үлкен сахнада ұршықша иіріліп, қарлығашша қалықтап билегенін көріп шаттанған әкенің, қызының болашағынан үлкен үміт күтіп елінің атын шығарар атақты биші болуын армандаған әкенің сезімтал жүрегі бір аптаға әзер шыдады. Қайғыға қайғы жамалып Зияшты да қатты есеңгірткен күндер өтіп жатты. Ерін жер қойнына беріп, қырқын өткізгеннен кейін ол қызының жайына қайта алаңдады. Махаббат екі-үш айда аяғынан тұрып ақырындап балдақсыз да жүре бастаған. Бірақ би алаңына орала ма? Болашағы не болмақ? Осындай сары уайымдар санасын жегідей жеген әзіз ана қызының өмірден түңіліп кетпеуі үшін ара тұра ансамбльге ертіп келіп, шәкірттерінің өнерін тамашалатып тұрды. Бір жылдан соң қызына үшінші ота жасалып аяғының жарақатын бекіткен темір шыбықтар да алынды. Ал Зияш өз ансамблінің және қызының би өнеріндегі жетістіктері туралы лауреаттық дипломдары мен грамоталарын жинап, Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясына барсын. Хореография факультетінің деканы Махаббаттың жағдайына түсіністікпен қарап режиссура мамандығы бойынша қабылдау емтиханына жіберілуі үшін бір би қойылымын дайындап келуді ұсынады. Сөйтіп, әкесінің асын өткізгеннен кейін «Махаббат» бишілерінің қолдауымен «Аққу» биін қойып, емтихандарды да жақсы тапсырып оқу грантын жеңіп алады. Академиядағы алты жылда факультет деканы Дмитрий Сушков, апалы-сіңлілі Гүлнара және Гүлмира Ғаббасовалар, Гүлнара Саитова, Вячеслав Гончаров, Гүлжан Туткибаева сынды би өнерінің дарынды ұстаздарынан дәріс алды, атақты балетмейстер Болат Аюхановтың мемлекеттік академиялық би театрының балет әртісі болып тәжірибеден өтті. Ақтөбедегі «Әлия гүлдері» фестивалінің 2017 жылғы байқауына осы оқу орнының дара бишісі ретінде қатысып жүлдегер атанғаны да бар. Сөйтіп, өнер академиясынан «режиссер-балетмейстер» мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.
– Дипломдық жұмысымның тақырыбы «Қыз жібек» болды, — дейді Махаббат Тілеужанқызы. – Пандемияның кезі еді, біраз қиналдық. Қиын болатыны жалғыз өзің барып билей салатын емес, ұжымдық би қойылымын көрсетуің керек. Қыспаққа алған карантин болса мынау. Алайда, бәрі ойдағыдай болды. Қыз Жібекті Селезнев атындағы училищеде бірге оқыған курстасым Риза Таганова ойнады, Төлегенді — Богдан Вербовой, Шегені – Арнұр Түсіпбеков, ал Бекежанды училище кезіндегі тағы бір курстасым, Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының солисі (дара биші) Архат Әшірбек орындады. Өзім Қыз Жібектің жеңгесін ойнадым. Ал «Махаббат» ансамблінің он алты бишісі массовкаға қатысты…
Бүгінде Махаббат Бәденова аудандық Мәдениет үйінің режиссер-балетмейстері. Қабілетті жастарды би өнеріне, көркем гимнастикаға баулып жүр. Өзінің бала кезден бергі репертуарындағы «Алтынай», «Айжан қыз», «Айгөлек», «Қосалқа» билері бүгінде «Көзімнің қарасы», «Ерке қыз» тәрізді терең иірімді билермен толыққан. Осы «Көзімнің қарасы» биімен 2020 жылы қазанда Түркияға барған «Махаббат» ансамблі Гран-примен оралған еді. Ал, былтырғы жазда Италияның Римини қаласында Украина, Польша, Германия, Ресей сынды алпауыт елдердің кіл таланттары қатысқан «Магия талантов» конкурсына Қазақстан атынан барған қордайлық вокалистермен бірге дара биші ретінде қатысып бірінші орынды иеленіп қайтты. Міне, осылай тағдырдың сынағына мойымаған қордайлық талант анасының асыл үмітін ақтап, өнер айдынына қайтадан еркін құлаш сермеп келеді. Анасының айтуынша Махаббаттың аяғынан тұрып кетуіне қара шаңырақты иеленген кенже ұлы Қайраттың еңбегі зор болыпты. Әке орнына әкедей қамқорлық жасап жүрген оның өзі де өнерден құр алақан емес. Бала күнінен ол да анасының қасында биге баулынып, Жүргенов атындағы өнер академиясының «Музыкалық драма актері» бөлімін бітірген кәсіби маман. Аудандық Мәдениет үйінде хореограф, би қоюшы, көркемдік жетекші, репетитор лауазымдарын атқарған. Қарындасының сәтсіздігіне жаны ауырып, жетістігіне қуанып бар шығындарын көтеріп, концерттерін ұйымдастырудан шаршамайтын атпал азамат.
Сонымен, жоғарыда айтқанымыздай, 24 ақпан күні аудандық Мәдениет үйінде Қордай ауданының 95 жылдығына арналып режиссер-балетмейстер Махаббат Бәденованың би қойылымдарымен «Махаббат» халықтық би ансамблінің үлкен концерті болады. Би мерекесі Махаббаттың «Аяулы қара шаңырағым» атты авторлық биімен ашылып, Қазақстан балет өнерінің асыл мұрасына айналған Анвара Садықованың «Ер Тұран» қойылымының негізіне сүйене отырып Махаббат Тілеужанқызы «Томирис» сазды-хореографиялық композициясымен кеш соңын жабады. Әрине, би өнерін қолдаушы өзге де қордайлық жезтаңдай әншілер, домбыраны бебеулеткен күйшілер де өнер көрсетеді. Келіңіздер, көріңіздер!
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист