Алматы қаласының «Асар уме» қайырымдылық қорының көмегімен Қордай ауданында тағы бір үй көпбалалы отбасыға берілді. Игі бастаманың арқасында 5 баланың анасы Салтанат Шукурова баспаналы болды.
Салтанат және жұбайы Нұрбек екеуі 20 жыл бойы пәтер жалдап келеді. Жұбайы 3-топтағы мүгедек, жұмысқа жарамайтынына қарамастан балаларын бағып-қағып, қолынан келгенінше қамтамасыз етіп келеді. Соңғы уақытта Салтанаттың да денсаулығы сыр бере бастап, төсек тартып ауырып қалатыны бар. Олардың бар арманы – баспаналы болу еді. Осылайша, олардың асқақ арманы орындалып, «Асар уме» қайырымдылық қорының көмегімен Арал ауылынан 5 бөлмелі үйдің кілті ұсынылды.
6 наурыз күні аталмыш қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаев салтанатты түрде көпбалалы анаға кілтті табыстап, дастархан жайылып, қоныс той атап өтілді. 5 миллион теңгеге сатып алынған үйдің 19 сотық жері, газ, суы, барлық жағдайы бар.
— Қайырымдылық қор өкілдеріне, игі іске өз үлесін қосқан әр азаматқа үлкен рақметімді айтамын. Жақсылықтары Алладан қайтсын, сіздерге денсаулық тілеймін, — дейді қуаныштан еріксіз көзіне жас алған көпбалалы ата-аналар.
Еркін ҚАТБЕКОВ