ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – БАРШАНЫҢ МІНДЕТІ

0

Қордай ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі – табиғаттың інжу-маржандарының қорғаушысы. Бұл мекеме мемлекеттік орман қорын тек қорғап қана қоймай, оны сақтап, ұлғайтуды, табиғаттың байлығын зерттеп, экологияның тепе-теңдігін сақтауды да мұрат етеді. Сонымен қатар, өрттің алдын алу – бұл мекеменің ең басты міндеттерінің бірі.

Әрбір мамандықтың, шын мәнінде, қоғам өмірінде алатын орны зор. Дәрігер – адамның денсаулығын сақтаушы, мұғалім – рухани тәрбие беруші, бірақ олардың арасында ерекше, тың қырларын ашатын тағы бір сала ол –  орманшы мамандығы. Орманшы – мың жылға көлеңке болатын саялы ағаш отырғызып, Табиғат-Ананың көктеп-көгеруіне аянбай тірлік ететін, дала жануары мен құстарының сақталуына қамқор болатын жандар.

Өйткені ормандар – біздің планетамыздың тынысы, оларсыз өмірдің болуы мүмкін емес. Орман және жануарлар дүниесі өнімдерін тиімді пайдаланып, олардың қорын ұрпаққа жеткізу – әрбір табиғат қызметкерінің басты бағдары.

Редакция тілшілері, «Журналист мамандық өзгертеді» айдары аясында, Қордай ормандары мен жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне бардық. Бұл мекеме тек табиғат қорғаумен айналысу ғана емес, сонымен қатар, экожүйенің тепе-теңдігін сақтаудың маңыздылығын насихаттап, адамдарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандыратын орталық екені анық көрінді.

«Бүгінгі күнге орман қорының жалпы алаңы 184 286 гектарды құрайды. Орман қоры жерлері «Хантау» және «Аңырақай» орманшылықтарына бөлінеді, оның әрқайсысы өзінше ерекше. «Хантау» орманшылығы 75 150 гектарды алып жатыр. Ал «Аңырақай» орманшылығы 109 136 гектар аумақты алып, өзіне тән көркемдігі мен байлығымен танылып, шынында да табиғаттың нағыз кереметтерінің бірі болып табылады», — дейді мекеме басшысы Нұрлан Тажиев.

Нұрлан Қуанышбекұлы бұл мекемеге 2016 жылдан бері басшылық етіп келеді.

Ол бізді, өздеріне тиесілі аумақтарының жұмыстарымен таныстыру мақсатында, өз саласының тәжірибелі маманы Мырзабек Карибаевты кабинетіне шақырды. Қордай ормандары өрт сөндіру станциясының жетекшісі Мырзабек Сәрсекеұлы – Қаракемер ауылдық округіне қарасты, Керу ауылының тумасы. Ол – аграрлық колледждің «Орман шаруашылығы» мамандығын аяқтаған.

«Аталған мекемеде 2009 жылдан бері еңбек етудемін. Өрт сөндіру станциясында 25 қызметкер жұмыс істейді. Атап айтқанда, 2 – оператор, 3 – тракторшы, 3 – жүргізуші, 17 – өрт сөндіру жасақшылары. Орман және жануарлар дүниесін қорғауда орман күтуші және орман шеберлері еңбек етуде. Барлық орман күтушіге орман айналымдары бекітіліп берілген. Оның заңдылығын бұзушыларды бақылауға тиісті органдармен бірлесіп рейд ұйымдастырылып отырылады», — дейді Мырзабек Сәрсекеұлы.

Әрмен қарай, біз мекеменің қызметтік көлігімен Отар ауылына бағыт алдық.

Мұнда, өрт сөндіру бекетіне келгенімізде, бізді мекеме қызметкерлері жылы қарсы алды. Табиғат сақшылары, нағыз азаматтық парыздарын орындап, қоршаған ортаны қорғауға еңбек сіңіруде. Олардың еңбек жолы күн сайын жауапкершілік пен батылдықты қажет етеді. Егер олар өз міндеттерін адал атқармаса, біздің жалғасып келе жатқан табиғи байлығымыз зардап шегуі ықтимал. Сондықтан олар тынымсыз күрес жүргізіп, ағаш отырғызып, құстар мен жабайы жануарлардың мекен еткен жерлерін қорғап, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда орасан үлес қосуда.

«Жаз айларында өрттің өршу қаупі жиілеп, орасан шығынға ұшыратып жатады. Жедел әрекет ете білген жағдайда қызыл жалынның бетін қайтаруға мол мүмкіндік туатыны рас. Біздің міндетіміз – ауқымы кең өрт шалған жағдайда ауданнан қосымша күш жетем дегенше оны ауыздықтауға атсалысу. Мұндайда жан-жақты жұмыс көзін оңтайландыру маңызды», — дейді өрт сөндіру бекетінің қызметкері.

Келесі кезекте, Кенен ауылдық округінің аумағында орналасқан, Қордай ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің уақытша тұқым бағына сапарладық. Ондағы тұқымбақ бөлімінде биыл 1 гектар аумаққа қарағаш тұқымы себілсе, 10 гектарына «қара сексеуіл» тұқымы отырғызылған екен. Мұндағы жауапты қызметкердің айтуынша, бір жыл күтіп бапталған ағаш көшеті тиісті аумақтарды көгалдандыру үшін аудан мекемелеріне таратылады екен. Өздеріне тән шеберліктері мен ерекше қамқорлығы арқылы олар табиғаттың қайталанбас сұлулығын оятуда.

Сонымен, біз сұқбатымызды жалғастырып жатқан кезде, Көгадыр елдімекенінің тау жоталарында жайылым жерлердің өртке оранғаны туралы дабыл хабарламасы келіп түсті. Бұл сәтте, орман сақшыларының қызмет бабындағы жауапкершілігі арта түсті. Себебі, табиғаттың осындай қатерлі оқиғаларына өз уақытымен және тиімді түрде әрекет ету қажет болды. Сондықтан, дереу Қордай ормандарының өрт сөндіру станциясының білікті мамандарының қызметтік көлігіне отырып, тау-тасты кезіп оқиға орнына асықтық. Оқиға орнына жеткенде, көз алдымызда алаулап жанған қызыл жалын мен қураған шөптердің күйіп жатқаны анық көрінді. Ауадағы қатты соққан жел тілсіз жаудың таралуын одан сайын қиындатып, өрттің үлкен аумаққа таралуына себепші болған. Бұл көрініс біздің жүрегімізге үрей мен алаңдаушылық ұялатқаны рас. Алайда, осындай қиындықтардың ортасында, адамдардың бірлігі мен күш-жігері ерекше байқалды. Тілсіз жаумен арпалысуға орманшылармен бірге аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандары және бірқатар ауыл азаматтары жұмылдырылды. Олардың бірігіп, үйлесімді әрекет жасауы – нағыз батырлықтың үлгісі десек артық айтқандық емес. Барлықтары да өз қауіпсіздіктерін ойламай, оттың кеңеюіне жол бермеу үшін табанды түрде жұмыс істеді. Әрбір секунды маңызды болды, және тер төгіп үлкен жігермен күресті.

Жолға шығып келе жатқанымызда, осындай жағдай Алға ауылының тау бөктерлерінде де орын алды. Иә, мұнда да біз тау жоталарының арасында үлкен алаулаған оттың көрінісіне тап болдық. Ауылдың шетінде жайылым жерлердің лаулаған жалыны табиғаттың тыныштық пен бейбітшілігін тұмшалағандай әсер қалдырды. Көрініс таңқаларлық, алайда қауіпті. Тау бөктерінде тыныштықтың бұзылуы, алыс жерлерде жатқан мал мен ауыл тұрғындарына қауіп төндіруі мүмкін. Біздің жүрегімізде қорқыныш және алаңдаушылық туындаса да, бірлігіміз бен күш-жігеріміз бар екенін білдік. Алға ауылының бірқатар тұрғындары да бірден жиналып, оттың таралуын тоқтату үшін әрекет етуге кірісті.

Біз редакция тілшілері өз кезегінде, Қордай ормандары мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметінің аса жауапты әрі қажетті сала екендігін түсіндік. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру, аймақтың биоәртүрлілігін сақтау, сонымен қатар болашағымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай мекемелердің жұмысы өте маңызды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.