Декреттік демалыста отырған аналар шағын кәсіпкерліктің мықты қозғаушы күші десек біреу сенер біреу сенбес. Бірақ, оған жауап ретінде айтар мысалдар жетірлік. Жас аналар декреттен кейін бұрынғы жұмыс орнына оралмай, өзінің жеке кәсібін бастап кетіп жататыны бір анық. Қордайлық жас ана, бүгінде белсенді кәсіпкер Махаббат Кенжебаева өз ісін дөңгелетіп отырған жандардың бірі. Жеміс чипсылар дайындайтын шағын цех өнімдері бүгінде көпшілік көңілінен шыққан.
Махаббаттың айтуынша экологиялық таза өнім дайындау идеясы кішкентай қызы дүниеге келгенде пайда болыпты.
-Кез-келген ана секілді мен де баламның жақсы, сапалы тамақты тұтынғанын қалаймын. Чипсылар мен өзге де фаст-фуд өнімдерінің адам ағзасына қаншалықты зиян екенін білеміз. Бірде, Алматы қаласында тұрған кезімізде алғаш рет жеміс чипсыларды көрдім. Олар әрі дәмді әрі пайдалы болып келеді екен. Картоптан жасалатын чипсылардан өзгешелігі оларда бояғыштар мен қуыру кезінде пайда болатын канцерогендік заттар болмайды, әрине консерванттары да жоқ. Ал, жеміс чипсылері өзінің пайдалы дәрумендірінің 95 пайызын сақтап қалады. Сол кезде осы жұмысты қолға алуды ұйғарған едім», — дейді М.Кенжебаева.
Отбасылық кеңес кезінде жұбайы Сайфуддин, ата-енесі Сейітхан Мұсабеков пен Назгүл Нұрбаева келінінің бұл бастамасына қолдау білдіріп, батасын береді. Көп ұзамай жалпы аудандағы нарықты зерттей келе жемісті кептіретін қажетті аппарат және өзге де құрылғыларды сатып алып, өз логотиптерін ойлап тауып, қорабы мен оның арнайы дизайнын жасайды. Алғашқы клиенттер әдеттегідей достары мен туыстары, жақындары болады. Олар жаңа өнімді жоғары бағалайды. Бұл жұмыс жасауға деген ынталарын арттыра түскендей. Осында бір айта кетерлігі, кептірілген жеміс пен чипсы дәмі екі түрлі болып келетіндігінде. Бұл жылдам кептіру аппаратының әсерінен болады дейді мамандар. Сондықтан дәмі де өзгеше. Алдымен алмадан чипсы жасап бастайды. Бірақ бірде дәмі көңілден шықпаса, бірде чипсыге тән қытырлық болмай қалады. Алманың бірнеше түрін тексере келе бір сортынан шын мәнінде көңілден шығатын чипсылер әзірлеуге болатыны анықталады. Ең қызығы жергілікті алмалар жеміс чипсыларын дайындауға жарамсыз болып қалады. Олар тек кептірілген жеміс болып қала береді екен. Ал сырт елдерден жеткізілетін алмалар дайындауға ыңғайлы. Махаббат сонымен қатар апельсин, ананас, банан, киви және қарбыздан жеміс дайындап көріпті. Жемісті кептіруге 2 сағаттан 6 сағатқа дейін уақыт кетеді екен. Ал, дайын болған өнімде адам ағзасына күнделікті қажетті витаминдер толығымен сақталады. Мұндай өнімнің сақталу мерзімі 6 айға дейін. Қазір жас кәсіпкер осындай өнімдердің 10 түрін саудаға шығаруда. Тұтынушылар көңілінен апельсин, банан және киви чипсылары шыққан. Оларға сұраныс жоғары көрінеді.
«Өндірісті ұлғайту үшін әлі көптеген аппараттар мен өзге де құрылғылар алуымыз қажет. Егер тұтынушы тарапынан сұраныс жоғары болатын болса бұл жұмыстарды да қолға аламыз», — дейді кәсіпкер.
Махаббат Кенжебаеваның декреттік демалыстағы тағы бір қолға алған ісі ол – фотосессиялар ұйымдастыру. Арнайы білімі болмаса да Алматы қаласында фотоөнердің курсын оқып келіп, кәсіби фотоаппарат пен фотосессияға қажеті құрылғыларды сатып алған.
Мұндай іспен айланысу туралы ой Алматыдан туған жерге оралар алдында пайда болыпты. Түрлі фото көрмелерді аралап, дизайндары мен декорларын қарап, өздеріне ұнайтын, өзіне тән студия жасаған. Оған қажетті арнайы бөлме жұмыс істейді. Студияның атын ақылдаса келе Махаббат «LOVE» деп атапты. Қазір фотостудияның өз визажисті мен стилисті бар. Олар қажетті тақырыпты ашуға көмектеседі. Алдағы уақытта жас кәсіпкер студия жұмысын одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.
Ләйлім Досембекова