ТАБЫС ТАБУҒА ТАБАНДЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл аманаты» бағдарламасына оң баға беріп, оның ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы, жұмыссыздықты азайтып, кәсіпкерлікке дем берудегі рөлін ерекше атап өтті. Ел Президенті айтқандай, бұл бағдарлама – ауыл халқының тұрмысын жақсартып қана қоймай, отандық ауыл шаруашылығының өркендеуіне серпін беретін нақты құрал.

Осы бағдарламаның игілігін көріп отырған отбасылардың бірі –Қаракемер ауылының тұрғыны Дидар Смағұлов. Ол бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2020 жылы мал шаруашылығын қолға алып, 24 бас бұқамен кәсібін бастаған болатын. Қарапайым ауыл жігіті ерінбей еңбек етіп, қолындағысын үнемдеп, аздан көп жасап отыр. Бірақ оның үлкен арманы – шаруашылығын кеңейтіп, туған жерінде табысты кәсіп құру болатын.

– Бастапқыда мал бағу – күнкөріс үшін басталған шаруа еді. Уақыт өте келе бұл істің берекесін көріп, кәсіби деңгейге көтергім келді. Алайда бұл жолда қаражат басты мәселе болды. Сол тұста мемлекет ұсынып отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен үшін үлкен мүмкіндікке айналды, – дейді шаруа.

2024 жыл Смағұловтар отбасы үшін бетбұрыс кезең болды. Жары Мадина Алтыбаевамен бірге олар бағдарламаға өтініш беріп, 2,5 пайызбен 5,4 миллион теңге көлемінде несие алуға қол жеткізді. Мұндай төмен пайызбен ұсынылатын несие – ауыл тұрғындары үшін зор жеңілдік. Бағдарлама шарты бойынша алғашқы алты айда несиеге төлем жасалмайды, ал одан кейінгі төлемдер жарты жылда бір рет жүргізіледі.

– Қолға тиген қаражаттың 5 миллионын ірі қара – 1,5 жасар бұқалар сатып алуға жұмсадық. Қалған 400 мың теңгесі шөп пен жемге кетті. Бұл – малдың азығы мен қыстағы қамын алдын ала жасауға мүмкіндік берді. Шаруашылықты кеңейтіп, жоспарларымызды жүзеге асырып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Дидардың айтуынша, жеңілдікпен берілетін несие тек қаражат көзі ғана емес, ауылдағы кәсіпке деген сенімді күшейтеді. Бұрын қорқақтап, тәуекелге бара алмай жүрген жастарға бұл нақты қолдау. Ол өз тәжірибесімен бөлісе отырып, ауылда кәсіп бастауға ниетті жастарға: «Қорықпаңыздар! Бастасаңыздар – жол ашылады!» деп кеңес береді.

– Ер азаматқа артылған жауапкершілік көп. Бірақ ол жалғыз болса, бәріне үлгеру қиын. Сол себепті мен қолымнан келгенінше қолдау көрсетемін. Балаларымыз да әкесінің еңбегін көріп, ерінбей еңбек етуге дағдыланып келеді, – дейді Мадина Алтыбаева.

Смағұловтар отбасында төрт бала өсіп келеді: үш ұл, бір қыз. Үлкендері – мектеп оқушылары, ал кішкентайлары үй шаруасына ерте араласқан. Ата-аналары олардың бойына еңбекке деген сүйіспеншілікті, ауыл тірлігіне құрметпен қарауды сіңіруге тырысады.

Ауылдағы осындай еңбек адамдарын қолдау үшін құрылған «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттары да айтарлықтай тиімді. Несие 2,5 пайызбен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына арналған жобалар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы – 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін жетеді.

Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – тек қаржылай көмек емес, сонымен қатар кәсіп ашу, кооперативке бірігу, жаңа технологияларды меңгеру сынды жан-жақты қолдауды да қамтиды. Бұл – ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретін жүйелі тетік.

Дидар Смағұловтың табысты шаруашылығы – ауыл кәсіпкерлігінің болашағы бар екенін дәлелдейтін жарқын мысал.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.