Қордай халқының басым бөлігі мал және егістік шаруашылығымен айналысатыны көпке аян. Қазір ауданда ірілі- ұсақты шаруа қожалықтардың саны көп. Әсіресе шағын шаруашылықтардың жұмысы бір ізге түсіп келеді.
Бүгінде ауданымызда өзін-өзі жұмыспен қамтып, жылыжай шаруашылығымен нәпақасын тапқан азаматтар қатары жыл санап артып келеді. Соның бірі – Масаншылық кәсіпкер Азиз Харки. Қазіргі кезде мол пайдаға кенелтетін кәсіптің бірі – жылыжай десек, артық айтқандық емес. Бұл шаруашылық соңғы жылдары тұрғындардың қызығушылығын тудырып, жаңа өндіріс көзі жанданып келеді. Мұның тиімділігін жақсы білетін Азиз Есарович 1986 жылы Масаншы ауылында дүниеге келген. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын жетік меңгерген кейіпкеріміз 2023 жылы үй бақшасына жылыжай салып, отбасылық кәсіптің көзін тапты.
«Жылыжай 25 сотық жерге орналастырылған. Мұнда тек қызанақ өсіріледі. Оның өсіп, өнім беру уақыты төрт айды құрайды. Бір түп қызанақтан шамамен 5 килограмм өнім жинаймыз. Қазір қызанақ сабақтары жетілу үстінде. Өнім жемісін беріп дайын болғанда арнайы қораптарға салып, ауылдық тұтынушылардан бөлек шығыс өлке Өскемен-Семей қалаларына да жеткізудеміз», — дейді кәсіпкер әңгімесінде.
Бізге мәлім болғандай, егілген егіс тамшылатып суару жүйесі арқылы іске асырылады. Су тек өсімдіктің тамырына ғана жіберіледі. Бұл өз кезегінде суды үнемдеудің ұтымды тұсы болып табылады екен. Жылыжай температурасын бірқалыпты ұстап, өнімді тоңдырып алмау табанды еңбекті талап қылатыны анық. «Еңбек ет те егін ек, жарымасаң маған кел. Белді бу да бейнет қыл, байымасаң маған кел»,-дейді дана халқымыз. Тұтынушылардың алғысын алып отырған кәсіпкердің келешекке жоспары жетіп артылады. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – жылыжай құрылымдарын өндіретін цех ашу. Қазіргі таңда жылыжай құрастыру жабдықтарын жасақтауда екен.
Жылына бірнеше мәрте өнім беретін жылыжай шаруашылығы қай жағынан алсақ та өте тиімді табыс көзі. Шағын жылыжай бір отбасын ғана емес, кішігірім бір ауылды да асырауға қауқарлы. Тек істің көзін таба білсеңіз болғаны.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ