ТАБЫСТЫ ОҚУ ЖЫЛЫ – ТЫҢ МАҚСАТ

0

Күнтізбені парақтасақ, тағы бір оқу жылы артта қалуда. Қыркүйек айында мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндер енді бір сыныпқа жоғарылап, жазғы демалысқа қуанышпен аттанса, мектеп бітіруші түлектер алтын ұяларымен қимастықпен қоштасып, өмірдің жаңа белесіне қадам басады. Соңғы қоңырау – тек оқу жылының аяқталуы ғана емес, ұстаздар мен оқушылардың табанды еңбегінің, төккен терінің нәтижесімен бөлісетін маңызды сәт.

2024–2025 оқу жылы Қордай ауданы үшін де жаңалықтарға толы, жетістігі мол жыл болды. Оқу жылының қорытындысы, білім ордаларында атқарылған жұмыс жайлы кеңірек мәлімет алу мақсатында біз Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтің берген ақпарына жүгінген едік.

Бүгінгі таңда Қордай ауданында 49 мемлекеттік, 21 жекеменшік мектептер бар. Барлығы 70 мектепте оқушы саны — 31675 (оның ішінде — 305 сырттай орта мектеп).

2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа 2055 бала қабылданған. (Өткен оқу жылында 2371 болған). Өткен оқу жылымен салыстырғанда мемлекеттік мектептерде 316 балаға кем.

Бұдан бөлек 9 мемлекеттік қосымша білім беру мекемесі бар. Мектепке дейінгі 18 мемлекеттік, 51 жекеменшік балабақша, 3 шағын орталық, барлығы 72 мектепке дейінгі мекемеде 8512 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие мен білім алады. Мектеп жасына дейінгі 3-6 жастағы балалардың үлесі 100%-ды, 2-6 жас арасындағы балаларды қамту үлесі — 97%-ды құрап отыр.

Сапалы білімге қол жеткізу үшін, бірінші кезекте білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары үнемі бақылауда болуы қажет екендігі мәлім. Бұл ретте аудан мектептерінде жыл ішінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, мектептердің ағымды жөндеу жұмыстарына және сұраныстарына сай кеңсе тауарлары, құрылыс заттары, еден төсеніштері мен жарықтандыру шамдары алынды. Оған бюджеттен 78 млн 352 мың теңге жұмсалды. 287 млн 326 мың теңгеге 15 мектепке химия, биология, физика және ұл-қыздарға арналған технология кабинеттері алынды. Жалпы саны – 44 дана.

Тағы бір шешімін тапқан мәселе ол, 754 млн теңгеге Қызылсай ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Одан бөлек ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесіндегі оқушы орындарын, үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығы проблемаларын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында берген тапсырмасына сай Қордай, Қарасу, Қаракемер ауылдарында үш мектеп құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда Қаракемер ауылында 300, Қарасу ауылында 300 орындық мектеп құрылыстары жүргізіліп, қолданысқа беру мерзімі ағымдағы жылы көзделуде.

Цифрлық технологиялар барысында өскелең ұрпақтың бүгінгі күнде электрондық оқулықтарды сапалы қолдана білуі қажет. Бұл мақсатта ағымдағы жылы 2 баспадан 178 млн 216 мың 102 теңгеге электрондық оқулықтар алынса, 11 баспадан 55 млн 970 мың теңгеге кітаптар мен арнайы дәптерлер алынып, оқу процесінде қолданылды.

Ыстық тамақ мәселесіне келсек бастауыш сыныпта оқитын барлық 9136 оқушы және 5-11 сыныптағы аз қамтылған отбасынан шыққан 4975 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, оған бюджеттен 1 млрд 664 млн 227 мың теңге жұмсалса, аз қамтылған, жетім, және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7180 оқушыға мектеп формасын, оқу-құрал жабдықтарын алуға облыстық және республикалық бюджеттен 340 млн 317 мың 640 теңге бөлінді. 1 балаға – 47398 теңгеден ата-аналарының (заңды өкілдерінің) дербес шоттарына аударылды.

10 шалғай елді мекенде тұратын 346 оқушыны тасымалдау ұйымдастырылған (Сарыбұлақ, Жамбыл, Әлжан ана, Ноғайбай, Шарбақты, Алға, Күнбатыс-2, Ауқатты, Отар, Бәйтерек).

Оқу жылы ішінде 3748 педагог жұмыс атқарып келді. Олардың сапалық құрамына тоқталсақ, 73%-ы жаңа форматтағы «Педагог-шебер», «Педагог-зерттеуші», «Педагог-сарапшы», «Педагог-модератор» және дәстүрлі форматтағы «жоғары», «бірінші», «екінші» санатта сертификатталған, 27%-ы «Педагог» санатындағы мамандар.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 47 аудандық семинар, 20 байқау, 20 челлендж, 3 қайырымдылық жәрмеңкесі, 8 акция, 3 дебат, 2 ток-шоу, 2 подкаст, 1 ғылыми конференция ұйымдастырылып, білім бөлімінің аудан мектептерімен жүргізіліп отырған іс-тәжірибесі республика көлеміне таратылды.

Өткен оқу жылындағы қызмет нәтижелерінің жиынтық көрсеткіші негізінде әрбір білім беру ұйымы жұмысының нақты жай-күйін айқындау мақсатында облыс мектептері арасында жүргізілетін мектеп рейтингінің көрсеткіші бойынша ауданымыздың 8 мектебі (№1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі, №3 Абай Құнанбайұлы атындағы, Ж.Аймауытов атындағы, №16 М.Лермонтов атындағы, №43 Б.Момышұлы атындағы, Әл-Фараби атындағы, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептері) облыс бойынша «Инновация режиміндегі мектеп» санатына енді. Ерекше атап өтетін жайт бұл — «Инновация режиміндегі мектеп» санатындағы мектептер санының жыл сайын артуы, яғни 2023 жылы 5 мектеп алса, 2024 жылы 8-ге артты.

Аудан педагогтеріміз бен оқушыларымыздың облыс емес республикалық деңгейдегі жетістіктеріміз де аз емес. Соның бірі «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының республикалық конкурсының қорытындысы бойынша Қордай ауданы, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің педагогі Тыныстан Толғанай І орынды иеленді. Әріптесіміз Тыныстан Толғанайдың «Нейро әліппе» бағдарламасын 4 жылдан бері республиканың бірнеше өңіріндегі әріптестеріміз қолданысқа енгізіп отыр.

2025 жылы қаңтар айында «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының республикалық байқауында №19 Бұлар батыр атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі А.Х.Хиджурова ІІ орынға ие болды.

Жалпы, 2024 жыл ауданымыздың білім саласы үшін толағай табысты жыл болды, дегенмен әлі де жандандыруды, жетілдіруді қажет ететін тұстарымыз да жоқ емес.

2024-2025 оқу жылында ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінің қорытындысы шығып, аудан бойынша барлығы 144 оқушы қатысып оның 55-і жүлделі 1, 2, 3, орын алса, 16 оқушы грамотаға ие болды. 1 орын-13, 2 орын-11, 3 орын-31, грамота-16 оқушы. Республикалық кезеңге 13 оқушы қатысып, оның 8-і жүлделі орынға және 1 оқушы мадақтамаға ие болды.

Сонымен қатар, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейіне республика бойынша «Ең Үздік ауыл мектебі» атағы берілді. 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы шығып, аудан бойынша барлығы 33 оқушы қатысып оның 17-і жүлделі 1, 2, 3 орын алса, 5 оқушы грамотаға ие болды. Республикалық кезеңге 3 оқушы қатысып, қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәнінен №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушы Габидин Айдина 3 орынға ие болды. Сонымен қатар, республика бойынша «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» атағы берілді.

7-8 сынып оқушыларына арналған география пәнінен «Geo Star» олимпиадасына облыстық кезеңге 2 оқушы қатысып №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Амангелді Амирхан 1 орынға, №43 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Жарылхан Шұғыла 3 орынға ие болды. Бірінші орын алған №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Амангелді Амирхан республикалық кезеңге қатысып, 3 орынға ие болды.

5-6 сынып оқушыларына арналған пән олимпиадасына ауданнан 14 оқушы облыстық кезеңге қатысып оның 12-і жүлделі 1, 2, 3 орын алса, 2 оқушы грамотаға ие болды. Сонымен қатар, облыстан бірінші орын алған №43 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы Амангелді Диас пен №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы Алтынцев Роман республикалық кезеңге 15 мамыр күні қатысып, бірінші орынға ие болды.

8 сынып оқушыларына арналған «IQanat» олимпиадасына аудандандық кезеңге 847 оқушы қатысып, оның ішінен 145 оқушы облыстық кезеңіне өтіп өз білімдерін шыңдады. Облыстық кезеңнен 19 оқушы жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды.

2024-2025 оқу жылында 8-11 сынып оқушыларына арналған Лингвистика олимпиадасынан 2 оқушы облыстық кезеңге қатысып №43 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Ақылбек Даниял 3 орынға ие болса, №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ақпай Фатима терең білімі үшін грамотамен марапатталды.

2024-2025 оқу жылында 9 сыныпты — 3015 оқушы, 11 сыныпты 1604 түлек (1467 күндізгі, 137 сырттай) аяқтауда.

Сонымен қатар 11-сыныпты 41 оқушы Алтын белгіге, 45 оқушы Үздік аттестатқа, 9-сыныпты 115 оқушы Үздік аттестатқа аяқтайды деп жоспарлануда. 1604 түлектің 982-і маусым айындағы болатын ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр. Қаңтар, наурыз айларындағы ақылы түрдегі ҰБТ-ға 863 оқушы қатысып, нәтижесінде шекті 50 баллдан жоғары 804 түлек, 145-і 100 ден жоғары балл алды. Ал 59 түлек шекті деңгейден өтпеді.

Десе де 2024-2025 оқу жылы іске қосылған «943 – еліміздегі мақсатты мектептерді дамыту» жобасына ауданымыздың 17 мектебінің кіріп, бүгінгі таңда аталған мектептің білім сапасын арттыру мақсатында бірқатар шаралар орындалуда.

Білім бөлімі басшысының берген мәліметінен байқағанымыздай, биылғы оқу жылы Қордай ауданының білім саласы үшін жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Тәжірибелі ұстаздардың еңбегі, шәкірттердің ізденісі мен ата-аналардың қолдауы нәтижесінде аудан оқушылары талай биіктерді бағындырып, аудан абыройын асқақтата түсті. Алдағы уақытта да білім саласының бұдан әрі дамуына негіз болар нық қадамдар жалғасын табарына сенім мол.

Дайындаған Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.