Өткен сейсенбіде аудан әкімдігінде кезекті аппараттық кеңес өтіп, оған аудан әкімдігінің, өзге мемлекеттік мекемелерінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ауданда атқарылған жұмысты саралап, жаңа бағыттарды бекітуге мүмкіндік беретін бұл жиналыста үш негізгі мәселе қаралды. Ең алғашқы сұрақ аудан бойынша жер пайдалану саласындағы атқарылған жұмысқа қатысты болды. Бұл сұрақ бойынша бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Юсупов баяндама жасады. Баяндама барысында жерге қатысты азаматтардан түскен арыз-шағымдар, аукционға түскен жерден аудан бюджетіне түскен қаражат, маңызды инвестицияларға берілген жер учаскелері туралы айтылды. Мәден Тоқтарбайұлы аудан бюджетін толықтыруда аукциондардың маңыздылығын атап өтіп, ауыл әкімдеріне осы жұмысты жандандыру қажеттілігін атап өтті. Баяндама барысында аудан көлемінде жайылым жерлерінің жетіспеушілігі жайлы да айтылды. Мәден Мұсаевтың аудан халқымен кездесу барысында жиі көтерілетін мәселе болғандықтан, бұл жайтқа ерекше назар аударылды. Мәселен, баяндамашының сөзінше бүгінде 10022 га босалқы жайылым жерлерді ауыл әкімдіктеріне бекітіп беру, сонымен қатар елді мекендердің маңындағы 5-7 шақырым радиустағы жерді мемлекет иелігіне қайтару жұмыстары қолға алынған. Одан бөлек, шалғайдағы жер учаскелеріне малды жайлауға шығару жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса егіс жинау науқаны аяқталғаннан кейін кедергісіз мал жаю бойынша шаруа қожалықтарымен меморандумдар жасалып, заң талаптарын бұза отырып алынған жерлерді қайтару жұмыстары ұйымдастырылуда.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қордай аудандық тіркеу және жер кадастры бойынша бөлім басшысы Н.Айтымбетов өз баяндамасын ұсынды. Аталмыш мемлекеттік орган жылжымайтын мүлікті орналастыру, тіркеу, техникалық зерттеу-қарау, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу сынды жұмыстарды атқаратыны белгілі. Жалпы орган 2022 жылдың 5 айында халыққа 1118 қызмет көрсетіп үлгерген. Хабарламашы заңнамадағы өзгерістер жайлы атап өтіп, мекеме жұмысындағы тиісті процедуралардың қалай өту керектігін айтып берді.
Үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы С.Әбдіжәлиева шықты. Аудан бойынша инвестициялық жобаларды тарту жұмысына қатысты болған баяндамада әрбір ауылдық округі әкімдерінің жұмысы сараланды. Жалпы инвестициялық жобалардың аудан өміріне, елдің әл-ауқатына әсерін айтпаса да түсінікті. Әрбір ашылған өндіріс орны халыққа қосымша жұмыс орындарын беріп, мемлекеттік бюджетке қосымша кіріс келтіреді. Осы орайда Мәден Тоқтарбайұлы бұл бағытта белсенділік танытпаған ауыл әкімдерін қатал сынға алды. «Бұл барлығымызға ортақ жұмыс.Экономикамызға инвестиция тарту, жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі болып қалады. Ауылдарда жұмыссыздықты жою сіздердің басты мақсаттарыңыз болуы керек. Сондықтан осы жұмысты жандандыру қажет», — деп атап өтті.
ТАЛАП ҚАТАЛ БОЛМАҚ
Next Post