ТАНКИСТЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

0

Гвардейск гарнизонының танк бригадасына осы жылдың көктемінде шақырылған сарбаздар Отан алдында адал болуға ант берді.

Азаматтық парызын орындауға келген сарбаздар еліміздің барлық аймақтары мен қалаларынан іріктелді. Бір айлық қызмет барысында сарбаздар жас жауынгер курсын оқып, жалпыәскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын үйренді, саптық, атыс және дене шынықтыру дайындығынан өтті.

“Әр әскери қызметшінің өміріндегі салтанатты сәт Отан алдында адал болуға ант беру. Ер жігіттің өмірінде бір-ақ рет қайталанар ант қабылдау рәсімі әскери дәстүрлердің ішіндегі ерекшесі болып саналады. Осыдан кейін сарбаздар ел қорғау жолындағы барлық жауапкершілікті мойнына алып, нағыз жауынгер болады. Қарулы күштеріміздің әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйренеді, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді. Мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әрі қарай өз еріктерімен қызметін келісімшарт негізінде жалғастыра алады” — деп атап өтті 21450 әскери бөлімінің командирі подполковник Асхат Шайкенов.

Барлық жауынгерлер ант бергеннен кейін Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқап, салтанатты маршпен жүріп өтті. Сол сәттен бастап, олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына қосылды.

“Бүгін менің бала кезден қалаған арманым орындалды. Әр ер жігіт Отан алдындағы парызын өтеу керек. Осындан 20 жыл бұрын менің әкем де осында азаматтық борышын өтеген. Енді менің кезегім келді. Әскер нағыз ер жігітті шындайтын орта деп білемін, сондықтан маған тапсырылған сынақтарға дайынмын”, — дейді жас сарбаз Асаубек Аманжолов.

Бұл жас сарбаздың салтанатты ант беру рәсімі ерекше болды, өйткені ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.