ТАРАЗДА ҚОНАЕВҚА ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

0

СЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ АСА КӨРНЕКТІ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ДІНМҰХАММЕД АХМЕТҰЛЫ ҚОНАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ ТОЛУЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШТІҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫ БОЛДЫ.
Д.Қонаев қазақ қоғамы үшін биік адамгершілік пен Отанға деген адалдықты қатар алып жүрген ерек тұлға. Тұла бойы даналыққа тұнған оның туған елге сіңірген еңбегі орасан. Ширек ғасырға жуық Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1960-1962 және 1964-1986 ж.ж.) болған, КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі (1971- 1987 ж.ж.), үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған (1972, 1976, 1982) ол Қазақстанды кеңестік республикалар арасында үшінші деңгейге көтерді. Бірақ, горбачевтік сыңаржақ саясаттың мұны көпе-көрнеу бағаламай, Д.Қонаевты қызметінен негізсіз тайдыруы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына әкеп соқты. Мәскеудің бұдан кейінгі қолдан ұйымдастырған небір жымысқы, жалалы іс әрекеттері де оны мұқата алмады. Өйткені, Димекеңнің қолы да, жаны да кіршіксіз таза болатын. Міне, сондықтан да халқын қапысыз сүйген тұлғаның ескерткішін ашуға Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарынан халық көп жиылды.
Айтулы шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев, кезінде Қонаев күзетінің басшысы болған генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, ұзақ жылдар Димекеңнің жеке дәрігері болған Ахат Мүліков және басқа да белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің қазіргі және экс-депутаттары, Қонаевтың көзін көрген өңірдің құрметті азаматтары сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының алдында орнатылған еңселі мүсіннің жабуы түсірілісімен көпшілік оған кезекпен гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш негізінен халықтың қаражатына жасалды. Мүсін қоладан құйылған, биіктігі тұғырымен сегіз метр. Бұл елімізде бүгінге дейін Димекеңе қойылған ескерткіштердің ең биігі және ең көркемі болып шыққан. Бұған дейін осы орында тұрған қайраткердің бюсті жуырда ғана ашылған Қаратау қаласындағы Қонаев мұражайының алдына қойылған.
Д.Қонаевтың 110 жылдығына орай, Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесі орналасқан ғимараттан облыс әкімдігі мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасына қарасты «Қонаев орталығы» қайта жаңғыртылып ел игілігіне ұсынылған. Кіре берісте Қонаевтың бюсті қойылып, жұмыс кабинеті жасалып, бірқатар тұтынған заттары, киімдері қойылған екен. Димекеңнің өмірінен сыр шертетін фотодеректермен, кинотаспалармен де осында танысуға болады.
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Д.А. Қонаевтың 110 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтіп, “Сәтті» мейрамханасында ерек тұлғаның аруағына бағышталып құран оқылып, ас берілді. Мерейтойға орай шығарылған Дінмұхаммед Ахметұлының фотосуреттері мен тағылымды тәмсілдері, көкейге түйген ойлары топтастырылған «Айналайын ақ пейіл жұртым» және Қонаевтың қым-қуыт күреске толы өмір жолдары туралы «Көсем» (авторы көрнекті ақын, жазушы Рафаэль Ниязбек) атты кітаптардың тұсауы кесілді. Ескерткішті жасатып, тұрғызуға белсене атсалысқан азаматтар мерейтойлық медальдармен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен, басқадай сый-сияпаттармен марапатталды. Бұл айтулы іс-шараларға көптеген қордайлықтар да барып қатысты.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.