Тарифтер туралы сұрақтар қаралды

0

Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Қордай аудандық электр тарату жүйесі, «Қордай су» мекемесі және аудандық газ шаруашылығы мекемесінің 2024 жылға бекітілген тарифтері туралы сұрақтар қаралған болатын. Аудан тұрғындары үшін аса маңызды бұл сұрақтар төңірегінде кеңес мүшелері бірқатар зерделеу жұмыстарын жүргізген-ді.

Ол туралы Қоғамдық кеңестің «Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі» комиссия мүшесі Жомарт Еділ баяндады. Бұл мәселе бойынша жоғарыда аталған мекеме басшылары қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне  қарасты «Қордай су» кәсіпорнында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы №62 бұйрығына сәйкес сол жылдың 1 қыркүйегінен бастап орташа босату тарифі 1 куб суға 120,02 теңге болған. Оның ішінде жеке тұлғаларға 106, 84 теңге, заңды тұлғаларға – 284,09 теңге және бюджеттік мекемелерге 269,47 теңге.

Мекеме басшылығы былтырғы жылы тарифтің өсуіне байланысты аудандық басылымға хабарлама беріп, сонымен қатар барлық ауылдық округтерге арнайы хат жіберілгенінін жеткізді. Сондай-ақ, мекеме басшысы биылғы жылға жоспарларымен де бөлісті.

Аудандық газ шаруашылығы да тарифтердің өзгеруі Табиғи монополияларды реттеу комитеті арқылы іске асатынын айтуда. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №32-1-32/8727 хатына сәйкес газ тарату жүйелері бойынша тауарлық газдың бағасы 2024 жылдың 1 қаңтардан бастап 1000 м3 болған. Осыған сәйкес баға тұрмыстық тұтынушылар (халық үшін) – 30 400,01 тг, тұрмыстық тұтынушылар (Мемлекеттік әлеуметтік көмек және (немесе) тұрғын үй көмегін алатындар үшін) – 23 640,94 тг, өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар – 47 374,15 тг, бюджеттік мекемелер – 48 093,02 тг.құраған.

Ал, тұтынушының реттеліп көрсетілетін қызметке қосылуға, яғни газға қосылу үшін техникалық шарттарды орындауы, оның ішінде жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстары табиғи монополия субъектісінің техникалық шарттарына сәйкес болуы, үйлерді газдандыру (үй ішілік газ жабдықтарын монтаждау) пайдаланушы ұйым келіскен жобаға сәйкес әрбір үй бойынша жеке беретін техникалық шарттар негізінде жүргізіледі.

Қордайлықтардан электр үшін төлем қабылдайтын «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасай отырып 2023 жылдың 1 қазанынан бастап электр энергиясының орташа өлшемдік босату тарифі 23,29 теңге мөлшерінде белгіленгенін айтуда. Әрине, мұнда да әр санат үшін төлем әрқалай алынады. Тұрмыстық тұтынушылар, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер үшін төлем әртүрлі есептеледі. Зерделеу барысында серіктестік қызметкерлері барлық қажетті техникамен жабдықталғаны анық болған. Олардың ішінде арнайы техника, қызметтік көліктері бар. Қызметкерлердің орташа жалақысы 150 мың теңге көлемінде. Жалпы Қордай ауданы бойынша электр қуатын тұтыну сағатына 700 000 квт болып отыр.

Отырыс барысында кеңес мүшелері тарапынан тарифтердің өзгеруі, есептегіш құралдарды ауыстыру, оларға төлем, ескірген бағаналарды ауыстыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.

Жиын соңында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 16-бабының 3 тармақшасына сәйкес шешім қабылданды. Онда Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарына сәйкес аудандағы Жамбыл облысы электр жүйесі ЖШС «Қордай АЭЖ», «Қордай су» ЖШС,  аудандық газ шаруашылығы 2024 жылға бекітілген тарифтері бойынша ақпараттары назарға алынып, аталмыш мекемелердің тарифтері бойынша мәліметтерін БАҚ беттеріне жариялау  ұсынылды. Ал, жалпы тарифтерге байланысты Қоғамдық кеңес тарапынан мәселе алдағы уақытта қаралатын болады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.