Бұл атаулы күн 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау жөніндегі кеңес Ассамблеясының шешімімен бекітіліп, 1984 жылдан бастап ресми түрде аталып келеді. Қазіргі таңда бұл бастаманы әлемнің 175-тен астам мемлекеті қолдап, түрлі іс-шаралар арқылы атап өтуде.
Осы атаулы күнге орай аудандық музейде «Ескерткіштер – ел мұрасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға Қордай ауданының бірқатар ауылдық округтерінен – Қордай, Алға, Үлкен Сұлутөр, Отар, Кенен, Степное, Жамбыл, Қақпатас, Қарасу, Қаракемер, Қарасай және Сортөбеден келген жауапты мамандар қатысты. Басқосу барысында Қордай ауданындағы Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған ескерткіштердің қазіргі жай-күйіне жүргізілген мониторинг нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар, ескерткіштерге байланысты жүргізілетін ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының барысы талқыланды. Монументтік өнер нысандарын орнату тәртібі мен талаптары да (ҚР Мәдениет және спорт министрінің №103 бұйрығы бойынша) кеңінен түсіндірілді.
Дөңгелек үстелде «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заң талаптары, аудандағы ескерткіштердің толық тізімі, олардың техникалық жағдайы, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жүргізілуі жайлы да сөз қозғалды. Бұл бағыттағы бақылау мен жауапкершілік ауылдық округ әкімдерінің тікелей құзырында екендігі баса айтылды. Сонымен қатар, биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай округ аумақтарындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштердің айналасын тазарту, көгалдандыру, жарықтандыру, көріктендіру және қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Әрбір округте сенбіліктер өткізу, айналасын абаттандыру және тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізу керектігі де атап өтілді. Ауылдық округтерден келген мамандар өз ұсыныстарын білдіріп, тәжірибе алмасып, бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын қойып, жауап алды. Іс-шара мазмұнды әрі нәтижелі өтті, қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстың одан әрі жүйелі түрде жалғасатынын атап айтты.