Тарих қоймасы

0

Музейлер – мәдени құндылықтарды сақтау, қалыптастыру және жаңғыртудың негізгі әлеуметтік институттарының бірі. Өтіп бара жатқан жылды қорытындылай келе, Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмысына тоқталсақ деп едік.

Музей 1975 жылы ашылған. Ол қоғамдық негізде құрылып, аудан тұрғындарының барлығы дерлік атсалысты. Содан бергі уақытта музейдің қоры жыл сайын толықтырылып келеді. Бүгінгі таңда мұнда төрт мыңға жуық жәдігер сақталып тұр. Биылғы жылы тағы 19 экспонатқа толықты. Оған жыл сайын өткізілетін «Музейге сый тарту» акциясы да сеп болған.

Музейдің алдында тұрған негізгі міндеттер халықты өлкеміздің бай материалдық және рухани мәдениетімен таныстыру, ауданның өміріне, оның өткеніне, бүгініне деген танымдық қызығушылықты дамытуға ықпал ету, жас ұрпақтың өз Отанына деген сүйіспеншілігін дамыту болып табылады. Музей құрамына екі филиал кіреді – Отар ауылдық тарихи-өлкетану үйірмесі және Масанчи ауылындағы осындай үйірме.

Биылғы жылы музей қызметкерлері тарапынан аудандық музейде және филиалдарында 34 көрме ұйымдастырылған. Тақырыптық көрмелер келушілердің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Мәселен, үтіктердің түрлері ұсынылған «Шоқ үтіктен тоқ үтікке дейін», «Уақыт кеңістігіне саяхат» атты ретро-бұйымдар көрмесі, сағат түрлерімен таныстыратын «Сағаттар сыр шертеді», «Ырысы тасыған ыдыстар» көрмесінде тұрмыста қолданылатын әртүрлі ыдыстар ұсынылды, «Музыка және уақыт» — музыкалық және дыбыстық аппаратураға арналды. Есімдері елге танымал, әйгілі жерлестерімізге арналған көрмелер де көпшіліктің көңілінен шыққан: суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Раушан Базарбаеваның туғанына 65 жыл толуына арналған «Қылқалам шебері», белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марал Ысқақбайдың 85 жылдығына орай «Сұлутөрді жырлаған суреткер», әнші әрі сазгер Мұрат Құсайыновтың 75 жасына арналған «Өнер биігіндегі өнегелі тұлға», биші, балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дәурен Әбіровтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақтың тұңғыш балетмейстері». Студенттердің ауданымыздан шыққан танымал тұлғалармен келелі кездесулері де осында ұйымдастырылып тұрады.

Жылжымалы көрмелер өткізіп тұру дәстүрге айналған. Жыл сайын жазғы демалыс кезінде музей қызметкерлері біздің ауданнан және көрші өлкелерден келген балалар демалып жатқан «Балауса» сауықтыру лагеріне барып тұрады. Есепті кезеңде білім беру-ағарту бағытындағы іс-шаралар да ұйымдастырылған, мәселен «Музей қонаққа өзі келеді, «Жәдігерлермен таныс болайық». Тарихи ескерткіштерді танымал ету бойынша да белсенді жұмыс жүргізіледі. Ай сайын «Киелі Қордай» атты тарихи орындарға экскурсия өткізіледі.

2023 жылы Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі келушілерді, әсіресе балаларды, оқушылар мен жастарды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тарту мақсатында қызметтерді кеңейту және әртараптандыру, қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастырды.

Instagram парақша арқылы да белсенді жұмыс жүргізілуде. Оқиғалар, маңызды ақпараттар күнтізбесі күн сайын жарияланып, «Ескерткіштер – ел тарихы», «Қордай мақтаныштары», «Бір жәдігер сыры» атты айдарлар тұрақты жарияланып тұрады. Келесі жылдан бастап ауданымыздың құрметті азаматтарына арналған «Қордайдың Құрметті азаматтары» және кәсіпорындар, мекемелер, елдімекендер және т.б. тарихына арналған «Тарихыңды таны» атты айдарлар ашылатын болады.

Музейдің 2023 жылғы жұмысын қорытындылай келе, аталған мекеме ұжымының қызметіндегі айқын табыстарды атап өту керек. Музей өз жобаларының көпшілігін жүзеге асыра алды. Экскурсиялық-көпшілік және ғылыми-танымдық жұмыстардың жаңа түрлерін іздестіру келушілер санын арттыруға мүмкіндік берді. Аяқталуына санаулы күндер қалған биылғы жылда музейге 7894 адам келген, бұл өткен жылғыдан екі есеге көп. Негізінен балабақшалардың тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Музей қызметкерлері едәуір белсенді келушілерді атап көрсетті, олар «Керімбала» және «Бөбек» балабақшалары, №1, 2, 3, 4, 6 және 7 мектептер.

Музей – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызды ресурстардың бірі. Мұнда сақтаулы тұрған материалдық және рухани мәдениет ескерткіштері түріндегі аса құнды мұралар өлкеміздің тарихы мен бейтаныс оқиғаларынан сыр шертетіндігі рас.

А.ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.