«Аmanat» партиясының бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде «Таза Бейсенбі» акциясы өтуде. Шара Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында басталған болатын. Мұндағы мақсат – азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттырып, еліміздің тарихи, мәдени орындарына қоғам назарын аудару.
Аталмыш экологиялық акция бейсенбі күні Қордай ауданында да өтті. Ортақ іске барлық мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, аудан тұрғындары және белсенді жас-ар қатысты. Бұл жолы табиғат жанашырлары Қордай ауылындағы X-XII ғасырға жататын Георгиевск көне қалашығының аумағын тазалау жұмыстарын жүргізді. Археологиялық кешенді күл-қоқыстан тазартқан шара қатысушылары бұл игі бастама тарихи орындарды қадірлеуге, отандастарды ортақ құндылық төңірегінде біріктіруге ықпал ететіндігін жеткізді.
Жалпы «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы ауданда бірқатар экологиялық шаралар ұйымдастырылып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтатын болсақ, «Мөлдір бұлақ» акциясына 2500 адам, 35 мекеме жұмылдырылды, 11 арық жүйелері және бұлақ көздері тазаланды, 6 бірлік техника қызмет етіп, 4000 тонна қоқыс шығарылды. «Таза өлке» акциясына 2300 адам, 35 мекеме жұмысшылары қатысты, 7 бірлік техника жұмылдырылып, 300 аула тазаланды, 40000 тонна қоқыс шығарылды. Ал «Жасыл аймақ» акциясына 2500 адам, 30 мекеме жұмысшылары қатысты, 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, 1300 ағаш отырғызылды. «Киелі мекен» шарасына 3000 мың адам қатысты, саябақтар аумағының 3000 шаршы метр көлемі тазаланды және 2000 тонна қоқыс шығарылды.