«ТАУЫ ДА АЛТЫН ҚОРДАЙДЫҢ, ТАСЫ ДА АЛТЫН…»

0

Ауданымыз 1928 жылдың 17 қаңтарында бастапқыда Алматы өңірінің құрамында болған,
ал 1939 жылдың 14 қазанында жаңадан құрылған Жамбыл облысына берілді.

Аудан облыстың оңтүстік шығысында 8,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Жері негізінен, таулы-қыратты. Солтүстік және шығыс бөлігінде Шу-Іле тауларының сілемдері. Кіндіктас, Жетіжол тау жоталары ауданның орталық және оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Шу аңғары жазық келген.
Қордайдың климаты континенттік, қысы-жазы жиі-жиі Қордай желі соғып тұрады. Қордай желі – Жетіжол мен Кіндіктас жоталары арасындағы Қордай асуында солтүстіктен суық ауа массасының тау аңғарына енуінен пайда болады. Желдің күші, әсіресе, қыста мейлінше үдейді. Әр айда 2-4 күн, кей жылдары айына 10-15 күнге созылатын желді бұрқасын борайды. Мұзбел метеостансасы маңында ақпандағы желдің орташа жылдамдығы 7 м/с-қа жетеді.
Аудан жерімен Шу өзенінің оң саласы саналатын Ырғайты, Қалғұты, Қарақоңыз, Қақпатас өзендері, Кіндіктас пен Жетіжолдан бастау алатын кішігірім жылғалар ағады. Ауданның орталығында және оңтүстік-шығысынан жазда құрғап қалатын Жаманты, Иірсу, Ұзынсу т.б. өзендер ағады. Қарақоңыз, Қақпатас өзендері алабында осы өзендердің атымен аталатын бөгендер салынған.
Одан басқа аудан аймағында Алтыайғыр, Майбұлақ және Қалғұты тоғандары бар. Шу өзенінен бірнеше каналдар тартылды. Олардың ең ірісі — өткен ғасырдың сексенінші жылдарында салынған Георгиевка магистральдық каналы. Аудан жерінде қоңыр, шалғынды қоңыр, шалғынды сары, қызыл қоңыр, солтүстігінде (Қопа және Қараой жазығы) сұр, сортаңды сұр топырақ қалыптасқан. Онда жусан, бетеге, боз, сұлыбас, сораң шөптер, қамыс, шырғанақ, тал өседі. Жануарлар дүниесінен таутеке, елік, қасқыр, түлкі, борсық, қоян, құстардан тау күркетауығы, тырна, бұлдырық, қырғауыл т.б. мекендейді.
Көне Қордай жері қазақ жұртының тағдыры сынға түскен тарихи кезеңдерде, мыңдаған тұлпарлар тұяғының дүбірін өз төсінде ойнатып, сарбаздардың қанын бойына сіңіріп, қазақ елінің жеңіс туын желбіретуімен де құнды. Қазақ халқының азаттық жолындағы ұлы жеңісі – «Аңырақай шайқасының» бір кезеңі осы Қордай жерімен байланысты.
Аңырақай шайқасы – біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Бұл 1729 жылы болды. Осындай қилы замандарда елін, жерін жаудан қорғап, көк найзаларын тік көтеріп, алдаспандарын жарқыратып Қарасай, Өтеген, Жолбарыс батырлар өткен бұл өңірден.
Ұлтымыздың елім деп еңіреген ержүрек ұлы, Ресей патшалығының отаршылдығына қарсы аяусыз күрескен, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының да ақырғы шайқасы Қордай жерінде өтіп, ақтық демі осында үзілген.
Қытай экспанциясының зәбірінен қырылып, жойылудың аз алдында қалған дүнген ұлты 1878 жылдың басында алты мыңдай адаммен қырғыз-қазақ шекарасына жетіп, бір бөлігі Қордай жеріне қоныстандырылған еді. Кейіннен Кеңестік империяның кері саясатымен соғыс кезінде депортацияланған Волга бойының немістері, Қиыр Шығыстан кәрістер, кавказдық қарашай, балқар, әзірбайжан, түрік, шешен, күрді тағы басқа ұлттар қоныс аударылды.
Атышулы 1916 жылғы июнь жарлығына қарсы халық толқуларының бір ұшқыны Өрікті, Сарыбұлақ, Жолдысай, Жансай деген сай сағаларында отырған малшы қазақтар арасында тұтанып, патшаға қарсы шыққандарды қамап, аяусыз қырған. Қызыл қан судай аққан сол күннен кейін Жансай – Қызылсай аталып кеткен.
Осындай тарихи оқиғалардың куәсі болған аудан халқы бүгінде көп ұлтты және тәуелсіздік таңы жарқырап атқан кезеңде тату-тәтті өмір сүруде. Ауданда ұлтаралық және саяси тұрақтылық берік орын алған. Әр ұлт өкілдеріне өз ұлттарының салт-дәстүрлерін, мәдениетін, әдебиетін т.б. ұмытпауға барынша мүмкіндіктер жасалған.
Кеше, аудандық мәдениет үйінде атаулы күнге арналып үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, жиналғандар мен барша қордайлықтарды мерейтоймен құттықтады, ал ауданға танымал өнерпаздар үздік ән-жырларынан шашу шашты. Оның алдында Әлжан ана ауылдық мәдениет ошағында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бастамасымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, танымал тұлғалар аудан тарихына қатысты пікір алмасты. Айтпақшы, Қордай ауданының 95 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың бұл басы ғана, атаулы дата жыл бойы әртүрлі форматтағы шаралармен жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.