Құралбай Өтемұратовтың жобасы «Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 рет, жылына 365 күн — таза көлік» деген ұранмен іске қосылды. Кәсіпкердің айтуынша жобаның ерекшелігі — оның тәулік бойы жұмыс істеп, көлікті жүргізушілердің өздері жуып, қызмет үшін төлем терминал арқылы төленетінінде екен. Бас-аяғы көлікті тазалап, жуу үшін 15 минут уақыт жеткілікті.
Әрине, аудан орталығының тұрғындары үшін бұл жаңалық емес, ал Жамбыл ауылында алғаш рет орнатылған кешенге клиенттер лайықты бағасын беріп үлгерген.
-Мен де басқа жүргізушілер тәрізді темір тұлпарды артық шығынсыз, тез және оңай жууды, таза ұстауды армандап жүрген едім. Ауылымызда осындай кешеннің ашылуына өте қуандым. Бұл жерге екінші рет келіп тұрмын, — дейді ауыл тұрғыны Иса Жанғабаев.
Құралбай өзіне өзі қызмет көрсететін көлік жуу орнын ашуды көптен бері көздеп жүрген. Бұл саладағы жұмысты бірнеше ай бойы зерделеп, өз бизнес-жоспарын іске асыруды қолға алған. Бокс салып, ұңғыма бұрғылап, кәріз жүйесі, жарық, жылыту жүйесін жүргізіп, Алматыдан жоғарғы қысым аппаратын, көлік жууға арналған қажетті тұрмыстық химия сатып алған.
-Осыған ұқсас өзіне-өзі қызмет көрсету көлік жуу орнына мен өзім аптасына бірнеше рет Қордайға барып тұратынмын. Өзіміздің ауылда осындай көлік жуу орнын ашуға бел будым. Көлік жууға орта есеппен 300-400 теңге жұмсалады. Кешеннің ашылғанына 1 аптадан аз уақыт болса да күніне шамамен 15-20 көлік келіп тұрады, — дейді кәсіпкер.
Ісін жаңадан бастаған бизнесмен кілем жууға арналған бірнеше бокс және техникалық қызмет көрсету станциясын ашуды жоспарлап отыр.
Жамбыл ауылдық округі әкімі Айдар Бірімқұловтың айтуынша, әкімдік өз тарапынан бизнес-жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге әрдайым дайын.
Ләйлім Досембекова