ТАЗА КӨЛІК – ЖАҚСЫ КӨҢІЛ-КҮЙ

0

Ауыл – алтын бесігіміз, тіршіліктің қайнар көзі. Елдің еңсесін көтеріп, тұрмысты түзеу үшін мемлекет тарапынан талай игі істер жүзеге асып жатыр. Соның бірі – ауыл тұрғындарының табысын арттыруды, тұрмыс сапасын жақсартуды көздеген «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл бағдарлама ауыл еңбеккерлерінің өміріне жаңа серпін беріп, талай жанның арманын іске асыруға жол ашуда. Солардың бірі – Степной елдімекенінің тұрғыны, еңбекқор азамат Талғат Сәрсенов.

 

 

Бүгінде мемлекет «Кәсіп бастаймын, өз ісімді дамытамын» деген жандарға әртүрлі бағытта қолдау көрсетіп келеді. Соның игілігін көріп отырғандардың бірі – Степной ауылының тұрғыны Талғат Атабайұлы. Бұрын көлік жүргізушілік пен сауда саласында еңбек еткен ол, уақыт өте келе өзінің кәсіпкерлік әлеуетін жаңа бағытта сынап көруге бел буады. Осылайша, ауылдастарына ыңғайлы әрі заманауи қызмет көрсетуді көздеп, өзін-өзі қызмет көрсететін автожуу орталығын ашу ісін қолға алады.

Бұл бастама кейіпкеріміздің жеке арманы ғана емес, ауыл тұрғындарының да тұрмысын жеңілдетуге бағытталған игі іс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ол ақпан айында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен 8 миллион 380 мың теңге қаржыға қол жеткізеді. Алған қаражатына екі бокстық автожуу нысанына арналған құрылым, қуатты шаңсорғыш, шлангілер, ақша қабылдайтын аппараттар және су тазалайтын қозғалтқыштар сатып алады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ең алғаш ауыл әкімшілігінде өткен жиналыста естідім. Сол жиында «Жеңілдетілген несие аламын деушілер болса, құжат жинасын» деп түсіндірді. Әкімдік қызметкерлері барлық талаптар мен мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі баяндап берді. Мен де ойланбастан құжат жинап, бизнес-жоспарымды дайындап тапсырдым. Қуанышқа орай, 8 миллион 380 мың теңге көлемінде несие берілді. Қаражат еш қиындықсыз жеке шотыма аударылды. Сөйтіп, ісімді бастап кеттім. Алдағы уақытта осы кәсіпті кеңейтіп, қосымша қызмет түрлерін енгізуді жоспарлап отырмын», – дейді Талғат Атабайұлы.

Қазақ халқының «Істің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөзі бар. Еңбекқор жанның ісі де берекелі болары анық. Кәсіпкердің бұл қадамы соның айғағы. Қазір ол өз кәсібін жолға қойып, несие төлемін маусым айынан бастап уақтылы төлеп отыр.

Жаңа автожуу орталығының ерекшелігі – әр бокста орнатылған ақша қабылдайтын автоматтарда. Мұнда келушілер өздері төлем жасап, өз бетімен көліктерін жуа алады. Бұл тәсіл біріншіден, уақытты үнемдейді, екіншіден, клиенттерге қосымша ыңғайлылық тудырады.

«Менің түсінігімде ер адам аз ұйықтап, көп жұмыс істеуі керек. Қазір «жұмыс жоқ» деп қарап отыратын заман емес. Талпынған адамға мүмкіндік көп. Ең бастысы – адал еңбек пен ниет. Мемлекет те қолдау көрсетіп отыр. Тек сол мүмкіндікті пайдаланып, өз орныңды табу қажет. Еңбек еткен адамға нәсіп те, табыс та табылады», – дейді кәсіпкер Талғат Сәрсенов.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу жолы да қарапайым. Ауыл тұрғыны алдымен жергілікті әкімдікке өтінім береді. Бағдарлама аясында мал шаруашылығын, құс өсіруді, шағын кәсіпкерлікті немесе түрлі қызмет түрлерін ашуға мүмкіндік бар. Негізгі мақсат – ауылда жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ, тек несие алушы кем дегенде бір жыл сол ауылдың тұрақты тұрғыны болуы тиіс. Егер кепіл мүлкі болмаса, туыстарының кепілдігін пайдалануға мүмкіндік бар.

Шағын несиелер арнайы уәкілетті өкілдер арқылы беріледі, ал қаржының мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Сонымен қатар, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға жергілікті әкімдік жан-жақты бағыт-бағдар беріп, кәсіби көмек көрсетеді.

Талғат Атабайұлының бастамасы – ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы жақсы үлгі. Ол өз ісімен Степной елдімекенінде жаңа қызмет түрін ұсынып қана қоймай, ауыл жастарына да жігер берді. Мұндай мысалдар ауыл өмірінің жаңарып, ел тұрмысының жақсарып келе жатқанын дәлелдейді.

Ең бастысы – бұл табыс мемлекеттік бағдарламалардың шынайы жүзеге асып, қарапайым халықтың игілігіне жарап жатқанын көрсетеді. Талғат Атабайұлының еңбегі – өз отбасына тұрақты табыс, ал ауылына – заманауи, пайдалы қызметтің үлгісі.

 

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.