«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының басталуымен ауданымызда тазалық жұмыстары күшейтілді. Дегенмен, «Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде» деген мәтелді кейбір азаматтар ұмыт қалдыратыны өкінішті.
Жақында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың жетекшілігімен комиссия өкілдері, Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылына жақын орналасқан, жол бойындағы сауда-саттық орындарына барып, тазалыққа бей-жай қараған кәсіп иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Арнайы құрылған комиссия құрамында аудандық санитарлық-эпидемологиялық басқармасы, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, архитектура және құрылыс бөлімі және учаскелік инспекторлар болды. Аталмыш жер күре жол болғандықтан мұнда көлік пен жолаушылар ағыны қарқынды. Адам көп болған сайын қоқыс қалдығы да көбейетіні жасырын емес.
Жағдайды көзбен көрген аудан әкімінің орынбасары:
– Тазалық мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Сондықтан әуелі жұмыс орындарыңыздың айналасы таза болып, келген тұтынушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтындай жағдай жасауларыңыз керек, – деді.
Рейд барысында тазалыққа немқұрайлы қараған кәсіпкерлерге бірнеше ескерту жасалды. Санитарлық тазалықты сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.