Қордай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымды экологиялық шаралар жүзеге асуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық тазалық акциясы аясында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде.
2025 жылғы 20 шілдеден бастап аудан көлемінде тазалық шараларына бақылау жүргізу мақсатында аудан әкімдігі, жергілікті полиция бөлімінің өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған бастамашыл топ құрылып, 10 күндік рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл рейдтер аясында аудан аумағындағы бірқатар елді мекендер мен нысандарда санитарлық жағдай тексеріліп, тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
КӘСІПКЕРЛЕР БАСТАМАНЫ ҚОЛДАУДА
Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстарға аудан кәсіпкерлері де белсенді түрде атсалысуда. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың ұсынысымен бірқатар кәсіп иелері өз иелігіндегі нысандардың маңын абаттандырып, санитарлық талаптарға сай келтіру бағытында нақты шараларды қолға алды. Кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен сауда орындарының сыртқы келбеті жаңартылып, қасбеттері жөнделіп, тротуарлар мен аулалар асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 10-нан астам кәсіпкер аталмыш акцияға белсене қатысуда. Алдағы уақытта бұл қатардың көбеюі күтілуде.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҚСАРТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Ауданда экологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 7 ауылда биотермиялық шұңқырлар салу жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде Қордай, Сортөбе, Ауқатты және Ноғайбай ауылдарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 5000 түп ағаш отырғызылып, 200 шаршы метр көгал аумағы егілді. Сонымен қатар, 20 шақырым арық пен каналдар тазартылып, 1900 тонна күл-қоқыс шығарылды. Жалпы саны 8 550 адамды қамтыған 9 сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.
АУҚЫМДЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМАЛАР ІСКЕ АСТЫ
Наурыз–сәуір айларында аудан көлемінде «Taza Like» бағдарламасы аясында «Болашақты бірге отырғызамыз», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалау», «Жасыл қала», «Жасыл аула», «Таза аула – таза қала/аудан», «Жаңару күні», «Түлектердің ағашы» сынды ауқымды экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 6 500 ағаш отырғызылып, 25 шақырым арық пен каналдар тазартылып, 2 500 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Аталған шараларға 12 300 тұрғын белсене қатысып, азаматтық белсенділік танытты. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 20 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінде оның 12 мыңы егілді. Ағаштарды суару және қорғау шаралары демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда.
ЦИФРЛЫҚ КЕРІ БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕСІ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
Тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында Telegram-бот арқылы 21 өтінім қабылданып, барлық ұсыныстар мен шағымдар уақтылы қаралып, толық орындалды. Бұл тұрғындардың бастамаларға тікелей қатысуына және аудан әкімдігімен ашық диалог орнатуына мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қордай ауданында қолға алынған бұл жұмыстар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ қоғамдық санада қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.