Кір жуу бөлімшесі – бұл медициналық мекеменің жұмысының ажырамас және өте маңызды бөлігі. Аурухана – адамның түрлі көңіл күйде келетін орны. Біреу жақынына алаңдап жүгіріп келеді, біреудің қабағынан қайғы байқалады, енді бірі үмітпен кіреді. Сол сәтте олардың таза төсекте жатуы маңызды.
Қордай аудандық орталық ауруханаға қарасты, аталмыш бөлімшенің негізгі міндеттерінің бірі – жоғары гигиена мен тазалықты сақтау. Пациенттердің тұрақты қажеттіліктерінен туындаған лас кірдің үлкен ағынына тап болған кезде, ауруханадағы аталмыш бөлімшенің қызметкерлері бұл кірді тиімді және қауіпсіз жуып, өңдей алуы керек.
Аудандық аурухананың кір жуу бөлімшесінде 5 тәжірибелі қызметкер жұмыс атқарып келеді. Атап айтсақ, Слизова Людмила Викторовна «аға оператор» жұмыс өтілі – 29 жыл, Бабешко Лариса Михайловна «оператор-машинист» жұмыс өтілі – 14 жыл, Салыбаева Күләйхан Ермекқызы «сұрыптаушы» жұмыс өтілі – 23 жыл, Варшавская Галина Ивановна «сұрыптаушы» жұмыс өтілі – 4 жыл, Орматаева Шолпан Владимировна «сұрыптаушы» жұмыс өтілі – 4 жыл.
Кір жуу бөлімшесінде қазіргі заманға сай жасалған, яғни кірлерді кептіретін, лас жаймаларды қабылдайтын, таза жаймаларды үтіктейтін, кір жуатын бөлмелер және кір жуушылардың бөлек бөлмесі бар. Сондай-ақ, заманауи үлгідегі өндірістік кір жуу аппараттары жұмыс істеп тұр.
«Біздің жұмыста хирургия, гинекология, сүзгі, күндізгі стационар, перзентхана, терапия сынды аурухананың әр бөлімшесінен келген кірлерді санап қол қойып қабылдап аламыз. Тазалап болған соң кері бөлімдерге өткіземіз. Тазалық – емнің жартысы. Тазалық жүргізілген бөлмені көрсеңіз, ішіңіз жай тауып, тыныштық орнағандай болады. Таза төсек пен киім де дәл солай», — дейді аға оператор Людмила Слизова.
Адал еңбек әрқашан қадірлі. Бұл қағида қоғамның барлық салаларында өзекті. Тазалық пен медицина – егіз ұғым, оның негізінде адамгершілік құндылықтар мен адам денсаулығына деген шынайы қамқорлық жатыр. Дәрігердің емін толықтырып, аурудың алдын алатын негізгі шарт – санитарлық тәртіп. Таза орта – науқасқа жайлылық сезімін сыйлап, дәрігердің кәсібилігіне деген сенімді арттырады. «Тән саулығының тамыры – тазалықта, жан саулығының тамыры – саулықта» дейді ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деген еді.
Адал терімен қоғамда жұмыс істейтін жандардың еңбегі қашанда маңызды. Бейнеттен бел жазбай жүрген осындай еңбек адамдарына айтар алғысым шексіз. Отбасын асыраймын деп күн көріс қамы үшін қақаған суықта қолдарын салқын суға батырып, аптап ыстықта да жұмыс істейтін бұл кісілердің еңбегіне құрметпен қарауымыз қажет.
Орталық аурухана кір жуу бөлімшесінің әрбір қызметкері «еңбек адамы» деген мәртебелі атаққа әбден лайық!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ