Осы аптада Қордай аудандық мәслихаты тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиынды комиссия төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселе – елді мекендерді абаттандыру тақырыбын қозғап, осы бойынша аудандық мәслихат депутаттарының зерделеу жұмысының нәтижесін баяндауды ұсынды.
Мінберге аудандық мәслихат депутаты Айша Идыбо, Әлібек Омаров және Бейқұт Жамангозов кезегімен көтеріліп, Қордай ауылдық округінің аумағын абаттандыру мәселесін зерделеуге үш депутаттық топ құрылғанын тілге тиек етіп, сол зерделеудің нәтижесін көпшіліктің назарына ұсынды.
Әрине, абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары қолға алынған осы уақыт аралығында қыруар тірлік тындырылып, ауыл-аймақ көркінің бірсыпыра тазарғанына көз куә. Тазалық жұмысына Президенттің «Таза Қазақстан» акциясы айтарлықтай септігін тигізді. Әйтсе де, «бәрін айт та, бірін айт» деген қасиетті сөз бар қазақта. Осы қағидаға сай депутаттар үш топқа бөлініп, Қордай ауылдық округінің аумағын толықтай тексеріп шықты.
Баяндамаларға назар аударсақ, тазалық науқанындағы тұрғындардың жасаған үлкен еңбегін жоққа шығаратын мәселелер бар. Орталық көшелердің бойында қаулаған қурайлар мен қаңыраған күл-қоқыстың әлі де кездесуі көңілге күдік ұялатады. Мәселен, орталық көше Жібек жолының бойында-ақ, ауыл сәнін беріп тұрған шыршалардың түбіне қоқыс тастап кету әдеттегі көрініс болып қалған сыңайлы. Көше бойындағы арықтар тазаланғанымен, көп ұзамай қайта күл-қоқыс пен жапыраққа толы. Кейбір жерлер кәдімгідей қоқыс тастайтын полигонға айналған. Мысалы, Сауранбаев көшесінің жанындағы канал маңы тұрғындар тұрақты түрде тастайтын бейберекет қоқыс орны сияқты. Ал, сол каналдың Аңырақай көшесі басталатын жағы, ел аузында «междугородка» деп аталатын бос жер телімінде таудай үйіліп жатқан қоқыс адам шошытады. Ол жерде қарапайым тұрмыстық қалдықтардан бөлек құрылыс қалдықтары, тіпті мал өлекселері бар екен. Бұл экологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отырғаны айтпаса да белгілі.
Қордайдағы көптеген үйлердің жанында жөндеу жұмыстарынан кейін қалған құрылыс материалдарының көзге үйретіп қалған көрініс, олардың көпшілігін шөп басып кеткен, бұл олардың көп жылдан бері жатқанын дәлелдейді. Кесілген ағаш бұтақтары мен қурайлар уақытылы тазартылмай, көшелердің шырқын бұзып тұр. Кейбір үйлердің маңында қапшықтардағы немесе шашылып жатқан қоқыстар кездеседі. Канал жағалаулары және көпірлер асты қалдықтарды сақтау орындарына айналған. Ал, ең үлкен проблема – целлофан, пластик қаптамалар қай жерге қарасаң да шашылып жатады. Кей жерлерде қауіпсіздікке кері әсерін тигізіп тұрған қақпағы жоқ ашық шұңқырлар да бар. Қордай ауылынан Қарасу бағытында сегіз шақырымдық жерде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жағдайы да көңіл көншітпейді.
Жоғарыда атап өткен проблемалар екі депутат баяндамаларындағы бірнешеуі ғана. Жалпы, Қордай ауылындағы тазалық мәселесі өзектілігін еш жоғалтқан емес. Әрине, кінәліларды іздеу мәселені шешпейді. Қоқысты тастайтын жергілікті тұрғындар. Сол себепті де жергілікті атқарушы органдарға халық арасында түсіндіру жұмыстарын арттыру және де айыппұл салуды күшейту ұсынылды. Тұрмыстық қалдықтарды шығаратын «Жасыл Кордай» ЖШС және «Айсултан» ЖК-мен келісімшарт жасалған. Алайда, олардың жұмысы ақсап тұр. Тұрғындар олармен келісімшарт жасауға талпынбайды. Мұның астарында да бірқатар проблема бар екенін көрсетеді. Депутаттар полиция өкілдеріне, ауылдық округ әкіміне және ТҮКШ және АЖ бөліміне қатысты сын айтты.
Тұрақты комиссия қаулы жобасын әзірлеп, тазалыққа қатысты құрылған аудандық штаб мүшелеріне тазалық мәселесіне қамшы басу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары Жамбыл облыстық мәслихаттың 2024 жылдың 28 маусымында бекіткен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қиғадалары орындалуы қажет екенін еске салды.
Әрине, біреуді кінәләу мәселені шешпейді. Десе де тазалыққа көңілді ерекше аударып, ауыз толтырып айтатын нақты жұмыстарды атқару қажет. Ал біз, Қордай жұртшылығы, өз ауламызды тазартып, ауыл ажарын ашуға бір атаның баласындай үлес қоссақ нұр істіне нұр болмақ.
Е.ҚАТБЕКОВ