ҚАТУЛЫ ҚАБАҚ БАЛАҒА САБАҚ
немесе
АС ҮЙДЕГІ БАТЫРЛАР
Тротуармен келе жатқан жұбайлар 12-13 жас шамасындағы жасөспірім қыз бен 4-5 жастарға келіп қалған ұлы мен қызын ертіп жол бойындағы үлкен ағаштың саясына тоқтады. Отағасының ашулы екені анадайдан байқалып тұр. Зіркілдей сөйлегенде балаларының үрейі ұшып кеткен. Кенет әкесі жеткіншек қызды шапалақпен тартып жіберді. Оның мұндай қылығына барлығы үйреніп қалған сыңайлы, бетін басқан қыз даусын шығара алмай айналасындағылардан қысыла жылап тұр.
Не үшін ұрды? Түсініксіз…
Атам қазақ қызға қол көтеруші ме еді? Қыз бала әкесінің қабағынан қаймығатын. Ал қол көтеру, тіпті қатыгездік, біздің болмысымызға келмейтін жат көрініс. Әрбірден кейін өрімдей қыз әкесінен «сыбағасын» алатындай не бүлдіріп қойды екен?.. Ащы су мен күлімсі иісті көк шөптің де бұл жерде араласқаны анық болар. Ол жағын біле алмадық. «Әке – асқар тау» деуші еді, тек аласарып бара жатқандай ма, қалай?
Кеңес заманынан мұра болып қалған ескі екі қабатты тұрғын үйлер. Бір пәтерде біреу түшкірсе, көршісі «жәрекімалла» айтып отырады. Көршінің дауысы аздай жасаған тамағының иісі де барлығына анық сезіліп тұрады.
Уақыт түнгі оннан асқан шама. Жазғы ыстықта мұндай пәтерлер моншаға айналып, есік терезенің барлығы шалқасынан ашық жатады. Екінші қабаттағы үйден шыққан дауысты бүкіл үйдің тұрғындары естіп отыр. Отбасы иесі ащы суға бөгіп алған сыңайлы. Ата жауын жаңа көргендей жұбайын жерден алып, жерге салып, небір сөздермен қарғап-сілеуде. «Әке, қойшы, болды, ұрмашы», – деп шыңғыра жылаған қыз баланың даусынан құйқаң шымырлайды.
Кімнің кім екені туралы әйеліне ұзақ «әңгіме» айтқан отағасы ашуы әйтеуір басылды-ау. Сыртқа шыққанда көзін жерден алмай, мүләйімсіп жүретін бұл «батырды» барлығы таниды. Тек, ас үйде ғана өзіне сенімді болатыны өкінішті.
«МЕН ЖОЛЫМДЫ БЕРЕЙІН,
ӨТ ҚАРАҒЫМ…»
…Дүкен алдында таяғына сүйеніп, қолындағы тиынын санай алмай, көзі бұлдыраған қарттың жанынан үш қыз өте шықты, жай өтпеді, қағып кетті. Жолымызда адам тұр демеді, сағызынан шарик шығара телефондарына тесілген күйі сауда үйіне енді. Қолынан шашылып қалған теңгелерін қалай жинап аларын білмей тұрған қарияға күзетші жігіт келіп көмектесті. Қыздардың артынан сөйлемек болған оны қария қолынан басып, қажет емес, дегендей басын шайқады.Бұл кезде ештеңемен ойы жоқ бойжеткендер телефонындағы қызықты бір – біріне көрсетіп, дүкенді басына көтере жамырай күліп, мәз-мейрам болып бара жатты.
«Мен жолымды берейін, өт қарағым,
Несіне күттің, несіне көп қарадың?!
Қор болмассың, құлыны текті Ананың,
Жолын алсаң, өзіңдей текті ағаның!..», – деп еді-ау жол берген аруға қайран Мұқағали.
Ал қазір бәрі керісінше сияқты. Тек пен текті ұмытқан заман.
«БІР КЕМ ДҮНИЕ»
Міне, мұндай оқиғалар көп адамның отбасында жиі қайталанып тұрады. Бір жағынан, қысқа жіптің күрмеуін келтіре алмай жүрген жігіттерімізді де түсінуге болатын шығар. Себебі, өмір өзінің ащысы мен тәттісін алма кезек беріп отыратыны да заңдылық емес пе. Дегенмен, үйде отырып әйелі мен бала-шағасына әңгіртаяқ ойнататын ер азаматтар көбейіп кеткен бе? – деген сұрақ мазалайды бізді. Жоғарыда айтылған оқиғалар ойдан алынған жоқ. Ең өкініштісі, мұндай жағдайлардың үйреншікті болып бара жатқандығы. Сондықтан, отбасындағы күш көрсету деген мәселені құқық қорғау органдары бекерге көтеріп жүрген жоқ. Отбасылық құндылық туралы «батыр» жігіттеріміз білгісі келмейді емес, ой жүгіртпейді-ау. Амал нешік… Мұндайда Шерағаң «Бір кем дүние» деп шерленер еді. Ал хакім Абай:
«Бойда қайрат, ойда көз,
Болмаған соң, айтпа сөз.
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде» – деп, осындай бос кеуделерге қарай айтқан шығар.
САНАЛЫ ҰРПАҚ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
Бүгінде ажырасу жиілегені соншалық оған етіміз өліп, көзіміз үйреніп кеткен. Бұл ыстық-суығы басылғаннан кейін бір-бірінің кемшілігін білудің немесе материалдық тапшылыққа сабырлылық таныта алмаудың кесірі шығар, кім білсін. Мұны ғашықтықтан кейінгі депрессия дейді бәзбіреулер. Ал мұндай жағдайда шыдамдылық, сабырлылық таныту ұлттық тәрбие жемісі десек, ажырасуды ар санамайтындар ұлттық тәрбиемен сусындамағаны ма деген ой келеді. Дәл осы мәселенің себебін ғалымдар көп зерттеп, түрлі байламын жариялап та үлгереді. Мәселен әлеумет танушы, психолог ғалымдар ажырасудың басты себебі материалдық жағдайға тәуелді дейді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы жылдары елімізде отбасын құрғандар саны жылдағыдан кемігені аздай, ажырасқандар да көбейген. Жасы жетсе де «Сал басты, сабау қамшылы» жүргендер қаншама. Бұл жердегі басты себеп тұрақты отбасылық табыстың аздығы, баспана бақытсыздығы, ішімдікке салыну, тіпті несие мәселесі де бар. Кейбірі мінезіміз келіспеді дегенге салады екен. Осындайда ара түсіп бірлікке, татулыққа шақыратын құдалардың да қадірі қалмай бара жатқандай. Бірі «Ұлым ажырасса басқасын алады» десе, бірі «Ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды» деп ат құйрығын кесіп кете барады. Ортада қалған немере жайы белгілі. Араға түсу, жарастыру демекші, әлеуметтік желілерден осы мәселелер жайында оқып, ойға қалдық. Жас отбасылардың ажырасуына үлкендер де көп әсер етеді дейді. Жол көрсетемін деп жөнсіз жайларды айтып, олардың ортасына түседі, артынан кикілжіңге ұласып, ақыры кереге қирап, шаңырақтың быт-шыты шығады.
Ал философиялық тұрғыдан жасалған зерттеулерге сенсек, мәселе тұрмыстық жағдайға ғана емес, жалпы өмірге деген жауапкершілікті сезінбеуден басталады. Үйленгенге дейін бір-біріне қанша ащы болса да шындықты ашып айтпауы, өзінің ішкі ғашықтық идеалына еліктеу және оған сенуі, некенің қасиетті екенін ұмыту, жұбын өзгелермен салыстыру, жалығу, өмірде ақшаға да басқаға да қанағатсыздық, депрессия, т.б. толып жатқан себебі анықталған. Демек, материалдық тұрақтылық тек сылтау ғана, ал негізі мүлде басқада. Ал жоғарыда айтқан ғашықтықтан кейінгі депрессияның өзі отбасы болғанға дейінгі «үлде мен бүлдеге орап қоямын» деген сияқты бос уәдеге сеніп қалудан туындайды екен. Алайда көп жағдайда адамдар біле тұра алданады немесе өзін алдауға жол береді әрі өзі де сеніп қалатын көрінеді. Ал жігіттерде бұл көбінесе «жүре тұрғанымда болар еді, қыз көп қой, ерте үйленіппін» деген алдамшы ойдан, шексіз жар іздеу синдромынан туындайды екен.
Расында, бүгінде үлкен кісілер болмаса, жарасымды тұрып, өзінің жарына ризашылығын білдіріп, қуанып жүрген отбасылар тым сирек. Кейде отбасылық өмір өзінің құндылығын жойып бара жатқан жоқ па деген үрейлі ойға қаласың. Және оған күнделікті өмірде көз жеткізіп те жүрген жоқпыз ба. Қалай десек те, өмірдің мәні үйленіп, ұрпақ қалдыруда екенін ұғындыратын ұлттық тәрбиеден ажырап қалмауды ойлағанымыз абзал. Ол үшін отбасы, ошақ қасындағы әңгімеміз құндылықтарды насихаттау турасында болса игі. Сонда ғана ері әйелін жары жолдасын сыйлап, шаңырағының беріктігін күзететініне сенімді бола аламыз.
ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ
Отбасы – шағын мемлекет. Оның өз көшбасшысы, бюджеті, ішкі және сыртқы саясаты, заңы, тәртібі, өзіндік ұстанымы мен көзқарасы болады. Бұл шағын мемлекеттің сыртқы жағдайларға төтеп беруі, экономикасын көтеру, қоғамдық тұрақтылығы басшысына тікелей байланысты болса, ішкі саясатына негізінен жұбайы жауапты болып келеді. Оның негізгі мақсаттарының біріне аталмыш мемлекеттің қоғам мүшелері саналатын балаларының тәрбиесі мен тәлімі жатады.
Ең бастысы, отбасы жеке тұлғаны дамытатын әлеуметтік орта десек, ең алдымен мүшелерінің мәдени деңгейі, әлеуметтік құндылықтарды игеру жағы дұрыс бағытта болуы шарт. Осыны етсең шығармағанымыз абзал. Барымызды нарымыз деп, құндылықтарымызды қадірлей білейік, ұрпағымыз аман болсын.
Жандос ОМАРОВ