ТЕЛЕФОН АЛАЯҚТАРЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

0

– Сәлеметсіз бе, мен сізге Полиция департаментінен хабарласып тұрмын. М есімді азаматпен таныссыз ба?
– Жоқ танымаймын.
– Ол кісі сіздің атыңыздан несие рәсімдегелі жатыр. Жеке басыңызға төнген қауіптің алдын алу мақсатында телефон соғып тұрмын. Мені мұқият тыңдап алыңыз…
Сізге қоңырау шалған бейтаныс адаммен осындай мазмұнды диалог орнаса, демек сізді телефон алаяқтары өз құрығына түсірмек. Әдетте «полиция», «тергеуші» деген сөздерді естігенде ойымызға түрлі нәрсе келіп, үрейленетініміз рас. Оның үстіне біз туралы барлық мәліметтерді біліп тұрған «ішкі істер органының қызметкеріне» деген сенім де қылаң бере бастайды. Өзін полиция қызметкерімін деп таныстыратын алаяқ алдымен құрығына ілінгелі тұрған азаматтан оның атынан онлайн несие алғалы жатқан қылмыскерді ұстау үшін жеке деректерінің, ЖСН, банк картасының номері қажет деп сұрап алады. Сондай-ақ, мұндай суайттар құзырлы мекеме қызметкерінің рөліне керемет еніп, әккі психолог дәрежесінде әрекет ете алады. Оның үстіне қоңырау шалған номерлерін тез ауыстырып тұратын көпшілігі біле бермейтін бағдарламаны қолданады. Осылайша олар азаматтардың жеке шоттарынан ақша жымқырып, ізін суытып кетеді.
Бұл киберқылмыскерлердің жұмыс схемасының бір ғана мысалы. Одан басқа жүлделі ұтыс ойынында жеңіске жеттіңіз деген хабарлама жіберіп немесе жақын туысыңыз қиын жағдайға тап болды, я болмаса өтірік қайырымдылық шараларды ойдан шығарып түрлі айла-тәсілдерді пайдалану арқылы қарапайым халықты сан соқтырады.
Жамбыл облысы Полиция Департаментінің мәліметі бойынша, осы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында облыс аумағында интернет-алаяқтықпен айналысқан 10 азамат ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың төртеуі басқа облыстардың тұрғындары екендігі анықталған.
Мұндай жағдайлар біздің ауданда да орын алып жатады. Мәселен, жуырда бізге Қордай ауылының тұрғыны Гүлжан Бейсенова (есімі өзгертілді) телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздағанын айтты. Оған бейтаныс номерден бір әйел адам хабарласып, өзін Нұр-Сұлтан қаласынан ІІМ қызметкерімін деп таныстырады. Одан кейін Гүлжан ханымның атынан несие алғалы жатқан бір азаматты ұстағанын, тіпті оның қолында сенімхат барын айтып, түрлі сұрақтар қоя бастаған екен. Соңғы рет елордада қашан болғанын, атында депозиты бар ма, шотында ақша бар-жоғын сұрап алған. Ол кісі шотында ешқандай ақшаның жоқ екендігін жеткізген соң кейінірек хабарласамын деп тұтқаны қойған екен. Құзырлы орган қызметкерімен тілдескен Гүлжан ханым абдырап қалғанын айтады. Одан кейін аудандық полиция бөліміне хабарласып, басынан өткен жайтты түсіндіріп береді. Полиция қызметкері бірден қоңырау шалған азаматтың алаяқ екенін және тағы хабарласса мүлдем сөйлеспей қоюын, ешқандай сұрақтарына жауап бермеуін ескерткен.
Ақпараттық технологияның дамуымен қатар дендеп кел жатқан киберқылмыспен құзырлы орган қызметкерлері де күресуде. Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша интернет-алаяқтықтың саны өткен жылмен салыстырғанда 37,4 пайызға төмендеген. Бұл қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралардың нәтижесі. Дегенмен, бұл босаңсуға себеп емес дейді тәртіп сақшылары. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Мәселен, 26 шілдеден республика аумағында «Anti ftaud» атты интернет-алаяқтыққа қарсы күрес мақсатындағы іс шара басталды. Аталған жоба ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын өзге де құқық бұзушыларды анықтау, жолын кесу және қылмыстарды дер кезінде ашуға бағытталып отыр.
Жалпы телефон алаяқтарын қалай әшкерелеуге болады? Олардың тұзағына түсіп қалмау үшін нені білген жөн? Егер сізге «банк қызметкері», «полиция қызметкері», «прокуратура қызметкері» банк картасы туралы мәліметті тексермек ниетпен картаның CVV кодын, ЖСН-ді, шотыңыздың номерін сұрап хабарласса, ешқандай мәлімет бермеңіз. Бірден полиция мен банктің байланыс орталығына телефон шалып, картаңызды бұғаттаңыз. Ал жақындарыңыздың қиын жағдайға түскенін айтып, шұғыл ақша аударуды талап етсе, қаражат аударуға асықпаңыз. Жақыныңызға хабарласып, мән-жайды анықтап алыңыз. Ең дұрысы мұндай айлакерлердің айтқанын тыңдамай, телефонды сөндіре салғаныңыз абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.