«Адам жанын
арашалаушылар» дегенде әдетте
дәрігерлер мен өрт сөндірушілер
ғана еске түседі. Шынтуайтында,
өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін
аман алып қалуды борышы санайтындар тек ақ халаттылармен шектелмейді. Осы мамандарды күн-түн демей қажет жеріне дер кезінде жеткізетін көлік жүргізушілерінің де бұл ретте үлесі зор. Көлік қызметкерлері күніне орай, біз төтенше жағдайларда қызмет ететін жүргізушілердің жұмысымен жақынырақ танысуды жөн көрдік.
Көпшілігі «көлік жүргізушісі болу қиын жұмыс емес» деп айтар. Алайда, ауырған адамдардың тағдыры жүргізушінің ептілігіне, жылдамдығына байланысты екенін білмей жатады. Ондай кезде әрбір минут, секунд маңызды. Біз сөз еткелі отырған алғашқы кейіпкеріміз жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі – Жәнібек Байтенов. Ол Жамбыл облыстық жедел медициналық стансасы Қордай аудандық бөлімшесінде қызмет етеді. Жәнібек Аманбекұлының жедел жәрдем көлігін тізгіндегеніне биыл – 15 жыл. Ал, жалпы жүргізушілік еңбек өтілі – 30 жыл. Жұмысына адал әрі тәжірибесі мол еңбек адамы әңгімесін ең алғаш рөлге қашан отырғанынан бастап кетті: «Ең бірінші отырған көлігім «Зил-157» болды. Ол кезде 21 жаста едім. «Құласаң нардан құла» дегендей бірден ауыр жүк көлігіне отырып алдым. Одан кейін ауылда водовоз айдадым. 1997-1998 жылдары Алматы қаласында №35 автобустың жүргізушісі болдым. Кейіннен қаладан ауылға көшіп келіп, әртүрлі жұмыстарды істеп көрдім, 2008 жылы қазіргі қызметіме кірдім»,-дейді жүргізуші.
Шақыртуларда әр алуан оқиғалармен бетпе-бет келетін жедел жәрдем қызметкерлері өмірі қыл үстінде тұрған қанша жанның аман қалуына сеп болуда. Дегенмен, науқастардың жедел жәрдем көлігі келгенше немесе жолда қайтыс болып кететін жайттар да кездеседі. «Ең қиыны да сол – пациенттен айырылып қалу»,-дейді Жәнібек Байтенов. «Осында істеген 15 жыл ішінде түрлі жағдайларды бастан кешірдік. Әріптестерім тіпті жедел жәрдем көлігімен аяғы ауыр келіншектерді алып келе жатып, ауруханаға жетпей жолда босандырып алған кездері де болған. Бірақ, мен әлі бұлай «кіндік әке» атанып көрмеппін»,- деп күледі Жәнібек Аманбекұлы.
Жедел жәрдем жүргізушілері ауысыммен жұмыс істейді. Бір ауысымда шамамен 12-13 шақыртуға дейін болады екен. Жәнібек аға шақырту түскен бойда дәрігер мен фельдшерді жылдам жеткізудің жолдарын тауып, парамедик ретінде де көмек көрсетеді. Жоғарыда айтқандай, бір қарағанда жедел жәрдем бригадасының жұмысы оңай болып көрінеді. Шындығында, адам өмірін сақтап қалудан артық ешнәрсе жоқ. Сондықтан, дыбыс күшейткішін қосып, жолда үлкен жылдамдықпен келе жатқан жедел жәрдем көлігін көрсеңіз жол беріңіз. Таразыда адам өмірі тұрғанын ұмытпайық.
Өрт сөндіру көлігі жүргізушісінің қызметі үлкен жауапкершілікті, ұқыптылықты және арнайы техниканы басқара білуді талап етеді. Қателікті кешірмейтін бұл салада кез келген адам істей алмайды. Жүргізуші тез бағдарланып, қызыл жалынды ауыздықтауға уақытылы жетуі керек. Дабыл түскенде дереу әрекет етуге еті үйренгендердің бірі – Олжас Буралкиев. Ол – Қордай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінде көлік жүргізушісі болып қызмет етеді. Нағыз ер-азаматқа тән мамандық иесінің құрал-саймандары мен көлігі әркез сақадай сай тұрады. Бала кезінен үлкен әрі ауыр көлікті тізгіндеуді армандаған кейіпкеріміз «Инженер-техник», «Өрт қауіпсіздігі инженері» мамандықтары бойынша білім алған. «Қазіргі жұмысыма тағдырдың өзі әкелді деуге болады. Уақытты артқа бұрып, алдымда таңдау тұрса, қайта осы жолды таңдар едім»,-дейді өрт сөндіру қызметкері.
Біз отқа оранған тұрғын үйлерді, қызыл жалын шарпыған алқаптарды жаңалықтардан көргеннің өзінде жүрегімізге ауыр тиетіні рас. Ал Олжас Әмірханұлы тілсіз жаумен күнде бетпе-бет кездесіп, басын қатерге тігеді. Ол жұмыс барысында талай естен кетпес оқиғалардың куәсі болған. «Біздің әр күніміз естен кетпестей өтеді. Өзгелерге сабақ болар жайттар өте көп. Соңғы рет Қордай ауылындағы «8 март» көшесінің тұрғындарынан «Тұрғын үйден өрт шықты» деген қоңырау түсті. Дереу оқиға орнынан жетіп, қызыл жалынды ауыздықтадық. Өрттің орын алуына қуаттағышқа сұғулы қалпында қалдырылған ұялы телефон себеп болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, үй иелері бұл уақытта үйлерінде болмаған. Көршілері өртті дер кезінде байқап, бірден бізге хабарласыпты», -деген ТЖ қызметкері аудан тұрғындарын өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады. «Қазір өрт қауіпті кезең болғандықтан, бір ауысымда 4-5 оқиға тіркеледі. Азаматтардың кеш хабарласуының себебінен бізге қызыл жалынмен күресу қиынға соғады. Өрт өршіген сайын, оны сөндіру ауыр, мұндай жағдайда қысымды жоғарлатсақ, 8-9 тонна су 15 минутта-ақ бітіп қалады. Сондықтан, біз халықтан өрт орын алса, оны өз бетіңізбен сөндіруге тырысып, жағдайды ушықтырып алмай, дереу ТЖ бөліміне хабарласуларын сұраймыз»,-дейді.
Тілшілердің жұмыс күнін алдын ала болжау мүмкін емес, тәуліктің кез келген уақытында оларды «тосын сый» күтіп тұруы ықтимал. Біздің мұндай тұрақсыз жұмыс кестемізге «Қордай шамшырағы» редакциясының көлік жүргізушісі Марат Айдарханов әбден үйренген. Демалыс, мереке күндері болсын, қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында да Марат аға еш наразылық білдірместен, қажет жерімізге жеткізеді. Журналистердің іс-шараларға, кездесу-жиындарға уақытылы жетуі маңызды. Ал шамшырақтың тілшілері бұл ретте еш уайымдамайды, өйткені, жүргізушіміздің бізді белгіленген жерге белгіленген уақытта жеткізетініне күмәніміз жоқ. Ұжымда жұмыс істеп келе жатқан 13 жыл ішінде Марат аға ешқашан қызметіне салғырттық, жауапсыздық танытқан емес.
Марат Айдархановтың негізгі мамандығы – механизатор. Он үш жылдан астам уақыт комбайн жүргізіп, бірнеше жыл трактор тізгіндеген. Қарапайым қызметтерді атқарып келе жатқан оның барлық жұмыс орындарындағы сенімді серігі – көлік. Ол өмірін темір тұлпарсыз елестете алмайды. Қызметтік көлігіне асқан ұқыптылықпен қарайтыны соның дәлелі. Марат аға аудан тілшілерін жыл сайын кәсіби мерекемізде құттықтауды ұмыт қалдырмайды. Енді біз ақ көңіл, ешкімнен көмегін аямайтын жүргізушімізді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. Оның өмір жолында әрқашан бағдаршамның жасыл шамы жанып, отбасында бақыт пен ырыс, жұмысында сәттілік серік болсын!
Сәуле Мұхадинқызы