Алматы жол дистанциясына қарасты жол аумағы бір жағы Отар бекетінен басталып, екінші жағы Құлантөбе бекетімен аяқталады. 345 шақырымды құрайтын теміржол бойында 20 бекет орналасқан.
Оның ішінде Алматы-1 және Алматы-2 бекеттерінің аралығы қала ішінде болғандықтан жергілікті тұрғындардың теміржол бойында ережелерді сақтау мәселесі бүгінгі күнде өзекті болуда.
Сондықтан жол дистанциясының қызметкерлері халық арасында профилактикалық жұмыстарды жиі жүргізеді. Ел ішін аралап, қауіп-қатерді ескертіп, кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Алайда теміржолға жақын жерде жүріп-түру ережелерін сақтап жатқандар аз. Соның салдарынан қараусыз қалған жас балалар, бөтен адамдар жолға шығып кетіп, машинистер пойызды шұғыл жағдайда тоқтатуға мәжбүр болып жатады. Бұндай оқиғаларының кесірінен пойыздар кешігеді.
Үстіміздегі жылда жол дистанциясы аумағында бөтен адам басу 4 оқиғасы тіркелді. 42 жағдайда пойыз машинистерінің шұғыл тежеу басу арқасында адам өмірі сақталып қалды.
Дистанция қызметкерлері теміржол аймағындағы қауіп-қатердің алдын алу үшін мектептерде де профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізеді. Сала мамандары оқушылардың денсаулығы мен өміріңнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұғалімдер және ата-аналармен бірлескен жұмыс аса маңызды екенін айтады.
Қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда автокөлік жүргізушілерінің де жол ережелерін сақтауы маңызды. Бұл — өткелдер арқылы қауіпсіз өтудің кепілі. Жалпы дистанция қызмет көрсететін аумақта 17 теміржол өткелі бар, оның 9-ы күзетіледі. Биыл күзетілетін өткелдерде екі жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі жағдайда да көлік иелері кінәлі. Салдарынан локомотивке залал келіп, жүргізушіге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, Жыңғылды, Қазыбек бек, Отар, Шілбастау, Қопа, Жирен-Айғыр бекеттерінің арасындағы аралықта тұратын халық мал шаруашылығымен айналысады. Жол дистанциясының қызметкерлерінің халық арасында жүргізілетін профилактикалық жұмыстарына қарамастан мал иелері мал жаю ережесін сақтамай, төрт түлігін қараусыз қалдыру салдарынан 2025 жылда пойыз машинистерінің шұғыл тежеу басу 16 жағдайы тіркелген.
Өткен жылдарда теміржол бойындағы келеңсіз жайттардың статистикасына көз жүгіртсек, жарақат алу жағдайларының көпшілігі ережелерді елемеудің салдарынан болған. Теміржолдың аса қауіпті аумақ екенін біле тұра, жол белгілері мен бағдаршамның қызыл жану кезінде теміржолды өткендердің кінәсінен орын алған жазатайым оқиғалар да бар. Сала қызметкерлері жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін өткелдер арқылы өтуді, қарсы бағытта пойыздың жоқтығына көз жеткізбей жолды кесіп өтпеу керектігін ескертеді. Шлагбаум жабылған соң өтпелі дабыл бағдаршамының қызыл сигналын көрсеткен кезде теміржол өткелдерінен өтуге тыйым салынатынын жүйелі түрде еске салады. Осы ережелерді орындау қайғылы оқиғаларды болдырмауға көмектеседі деп үміттенеміз және тек бірлескен күш-жігермен біз туыстарымыз бен жақындарымыздың өмірін қорғай аламыз!
Жүк және жолаушылар пойыздары қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету — барлық теміржолшылардың басты міндеттері.
Қауіпсіздік — өзектілігін ешқашан да жоймайтын тақырып.
Сондықтан теміржолшылар шойынжол бойында қауіпсіздіктің сақталуы жолында жыл он екі ай күреседі.
Д.Абдуллаев, Алматы жол дистанциясының бас инженері