ТЕМІРЖОЛШЫ – АТА КӘСІПКЕ АЙНАЛҒАН

0

Жуырда елімізде теміржол саласының қызметкерлері төл мерекесін атап өтті. Аталмыш мамандық иелері ел экономикасында маңызды орын алады. Жыл сайын теміржол бойынша миллиондаған тонна жүк пен мыңдаған жолаушылар  тасымалданады. Теміржол саласының өз салт-дәстүрлері бар, оған қоса ата кәсібін жалғастырған, әке жолын қуған теміржолшылар әулеттері жетерлік.

Теміржол саласы қызметкерлерінің күніне орай біз жас болса да, болашағынан зор үміт күттіретін төртінші буындағы теміржолшы Азат Есентай жөнінде жазуды жөн көрдік. Азатпен Отар ауылына жұмыс сапарымыз барысында таныстық. 1993 жылы өмірге келген ол ақыл-ойы толысқан, өз мамандығын жете игерген жан болып шықты. Учаске басшысы лауазымын атқаратын Азат  бұл жұмыстың ауыр екенін біле тұра өз таңдауымен келгенін айтады. Оған қоса Азаттың айтуынша, бұл мамандық оның бала күніндегі арманы болған.

«Атамның әкесі 1929-1931 жылдары алғашқы қазақ теміржолшы – инженер Мухамеджан Тынышбаевтың қол астында Түрксіб құрылысына қатысқан. Атам учаске басшысы болып, теміржол саласына 40 жыл өмірін арнаған. Әкем теміржолда 39 жыл жұмыс істеп, жақында зейнетке шықты. Анам теміржол вокзалында кезекші жұмысын атқарады. Сондықтан, ойланбастан бізді теміржолшылар әулеті деп атауға болады», — дейді Азат. 2010 жылы №41 орта мектепті аяқтаған Азат қай мамандықты таңдайтынын анық білген. Ол М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына түсіп, еңбек жолын теміржолдың Отар учаскесінде ең төменгі қызмет — сигналшы ретінде бастайды. Кейін пойыз құрастырушысы қызметіне ауыстырылып, одан кейін парк бойынша кезекші, станция бойынша кезекші, ал содан кейін жолдың Алматы бөлімшесі бастығының көмекшісі қызметтерін атқарады. Осылай, 2018 жылы небәрі 25 жасында Азат «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ Алматы бөлімшесі жүк тасымалдау станциясының бастығы ретінде тағайындалып, қазір де осы лауазымда еңбек етуде.  «Бала күнімнен  атам сияқты Отар теміржол учаскесінің бастығы болуды армандағанмын, бұл арманға да қол жеткіздім. Мектепте «Қандай мамандықты таңдайсың?» деген тақырыптағы шығармаларда үнемі Отар теміржол учаскесінің бастығы боламын деп жазатынмын», — дейді А.Есентай. Азат теміржол саласында бірнеше буындағы теміржолшылар әулеттері жиі кездесетінін айтады. Жұмыстағы қиындықтар туралы сұраққа жас басшы қауіпсіздік техникасы мен адамдар қауіпсіздігіне аса көңіл бөлінетінін алға тартты. «Қол астындағы адамдар үшін жауапкершілік зор. Адам өмірі өте бағалы. Әрбір қызметкердің артында отбасы, жақындары бар. Сонымен қатар жолаушылар үшін де үлкен жауапкершілік артылған. Және де пойыздар мен жүкті  уақытылы және нақты жолдау, қабылдау үшін жауаптымыз», — деп әңгімелеп берді.

Күнделікті жұмысы туралы айта келе оның учаскесі жалпы теміржол саласына үлес қосып жатқанын мақтанышпен атап өтті.

«Күн сайын транзиттік жүгі бар вагондар келеді, біздің міндет — оларды қайта жүктеп, рәсімдеу. Жұмысты жылдам атқару қажет. Жүктер Қазақстанның ішінде ғана емес, Ресейге де кетеді. Біздің станция арқылы аудан үшін жүктер келеді, мәселен көмір, бидай, ұн, жанар-жағар май. Оны да қабылдау қажет. Әскери бөлім үшін әскери эшелондар келеді. Жалпы тәулігіне біз арқылы 120 пойыз өтеді. Бұл өте жауапты әрі маңызды жұмыс», — дейді жас маман.

Сонымен қатар, кез-келген компанияның негізі кадрлар екені белгілі. Әсіресе теміржол саласында кадрлардың жақсы болуы маңызды.

«Бізде Шармақовтар, Сәлімбаевтар, Майқоржыновтар, Сатыбалдиновтар теміржолшылар әулеттері бар. Бұл әулеттер өмірлерін теміржол саласына арнаған. Олар үшін теміржол – ата кәсіп. Бүкіл теміржол саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын», — деп учаске басшысы Отар учаскесінің ардагерлерін, теміржолшылар әулеттерін құрметпен атап өтіп, құттықтауларын жеткізді.

Теміржол саласының қызметкерлерін құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, отбасылық амандық тілейміз.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.