6 тамыз күні Отар ауылдық мәдениет үйінде теміржолшылардың кәсіби мерекесіне орай «Теміржолшыларды құрметтейік!» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиын барысында еңбегі елеулі жүрдек жол қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, алғысқа бөленді.
Отар ауылының құрылуы да осы теміржолмен тікелей байланысты. Қазіргі таңда аталмыш салада 250-300 азамат қызмет атқарады. Күніне 40 жолаушылар пойызы және 30 жүк пойызы қатынайды. Іс-шараға темір жол ардагерлері, темір жол қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Іс – шараны ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бақберген Дауталин құттықтау сөзімен ашып, сала мамандарына ізгі тілегін жеткізді. Одан кейін аудан, ауыл әкімдігі және теміржол бөлімі басшылығы тарапынан үздік теміржолшылар марапатталды. Қордай ауданы әкімінің алғыс хатымен Б.Юсупов, Б.Салимбаев, М.Мусаев марапатталса, Аудандық мәслихаттың алғыс хатына А.Сембай, К.Сапаргалиева, П.Герасименко, Б.Бекбауов ие болды. Ал «AMANAT» партиясының алғыс хатымен Н.Макашева, Е.Шаимов, М.Айтбаев, Т.Қойшыбай марапатталды. Сондай-ақ АҚ «Қазақстан теміржолы» Отар теміржол бекетінің басшылығы саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, марапаттарын табыстады.
Одан бөлек бұл күні дене шынықтыру спорт кешенінде теміржол мекемелерінің арасында шағын футболдан турнир өткізілді. Турнирге 6 команда қатысып, үздік ойын көрсеткен жеңімпаздарға мақтау грамоталары мен кубоктар табыс етілді. Тартысты да қызықты өткен жарыста жүлделі 1-орынды ШЧ-33, 2-орынды ДС, 3-орынды ПС-46 командалары иеленді.