Наурыз айында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналистермен өткен брифинг барысында азаматтар кәсіби дәрігерге көріну үшін енді терапевтке жазылудың қажеті жоқ, деген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұл арқылы медициналық қызметтің тиімділігін арттыруды әрі ақ халаттыларға кезек күту уақытын қысқартуды көздеп отыр.
Саладағы өзгерістер жайында толығырақ Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Байбеков Айдын Оскарұлынан сұрап білдік.
– 1 сәуірден бастап ел азаматтары медицина мамандарының қабылдауына кіру үшін терапевтен жолдама алмай-ақ, тікелей дәрігердің өзіне көріне алатын болды. Бұл жаңашылдық қазіргі таңда аудандық орталық ауруханаға да енгізілді ме?
– Иә, бүгінгі таңда аудан тұрғындарына арнаулы мамандарға қаралу үшін терапевтен жолдама алудың қажеті жоқ. Бұл жаңалықты көпшілігі қуана қабылдады.
– Азаматтар терапевтің жолдамасынсыз қандай медицина мамандарына жазыла алады?
— Өзгерген стандарттарға сәйкес енді негізгі 8 қызмет бойынша дәрігердің жазылуынсыз көмек алуға болады. Дәлірек айтқанда, төмендегідей жағдайларда:
— шұғыл жағдайлар мен жарақат-тар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық сырқат;
— шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;
— дерматовенерологиялық сипаттағы аурулар;
— тіркелген жері бойынша акушер-гинеколог пен психологтың қабылдауы;
— онколог және онкогематологтің қабылдауы;
— диспансерлік есепте тұрғандар үшін-кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, невропатолог, хирург қабылдаулары;
— жастардың денсаулық сақтау орталықтарында мамандар қабылдау.