Тергеу судьясының өкілеттігі

0

Мамандандырылған тергеу соттары жалпы юрисдикциядағы соттардан тәуелсіз сот органы ретінде құрылып, өз жұмыстарын 2018 жылдың тамыз айынан бастады. Бұл оларға қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өндірісте сот бақылауына мамандануға мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, тергеу соттары келесі негізгі бағыттар бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, бұл прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне әрекеттері мен әрекетсіздігіне қылмыстық процеске қатысушылардың шағымдарын қарау, екіншіден, күзетпен ұстау, үйқамақ, кепіл түріндегі бұлтартпау шараларына санкция беру; сондай-ақ органдардың тергеу әрекеттерін, мәжбүрлеу шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау болып табылады.

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, тергеу судьясы – қылмыстық сотқа дейінгі іс жүргізуде адамдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын бақылауды жүзеге асыратын бірінші сатыдағы соттың судьясы. Оның мақсаты – қылмыстық қудалау органдарының заңсыз әрекеттерінің алдын алу, заң талаптарын адал орындайтын азаматтардың құқықтарын қорғау.

Тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органнан қаралатын мәселе бойынша қосымша мәліметтерді талап етуге, тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барлық материалдарымен танысуға және оларды зерделеуге, процеске қатысушыларды сотқа шақыруға құқылы.

Сондай-ақ, азаматтар тергеу соты арқылы Қылмыстық процестік кодексінің 106-бабына сәйкес шағым беру арқылы өз құқықтарын қорғай алады. Шағымды тергеу судьясы үш күн ішінде сот отырысын өткізбей жалғыз қарайды. Заңды және дәлелді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды тексеру қажет болған жағдайда, тергеу судьясы шағымды он күн мерзімде соттың жабық отырысында тиісті тұлғалардың қатысуымен қарайды.

Мамандандырылған тергеу соттарында Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексіне сәйкес материалдар мен шағымдарды қараудың маңыздылығы  мен тиімділігі жыл сайын артып келе жатыр.

М.Алиманова, Жамбыл облыстық сотының судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.