ТЕРІСКЕЙ ЖҰРТЫ ШАҚЫРАДЫ

0

Аудандық мәдениет үйінде «Серпін – 2050» бағдарламасын іске асыру мақсатында еліміздегі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің өкілдері келіп, мектеп және колледж білімгерлері арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аталмыш жоғары оқу орындарының ұстаздары мен бітіруші түлектері және аудан жастары қатысты. Кездесу барысында университет өкілдері мектеп оқушыларын мамандыққа түсудің ережелерімен, сондай-ақ университет тарихы мен жетістіктерімен таныстырды.

«ҰБТ тапсырып жатқан студенттерге осы жаққа түсуге керемет мүмкіндік бар. Мемлекеттік бағдарлама қатысушылары америкалық Аризона университетінің филиалына да оқуға түсе алады. Аталған жоба қос дипломдық білім бағдарламасын қамтиды», — дейді университет өкілі.

Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру жұмыстары барысында университет түлектеріне жұмыспен қамту мәселелері жөнінде ақпарат ұсынды. Елімізде Оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытуды мақсат еткен «Серпін-2050» бағдарламасы 2014 жылы бастау алған болатын. Аталған бағдарлама тек ауыл түлектеріне арналған. Осы бағдарлама арқылы түлектер солтүстік аймақтардағы жоғары оқу орындарында арнайы грантпен оқи алады. Жастар оқыған өңірлерде қоныстап қалған жағдайда толық жұмысқа орналаса алады.

Іс-шаралар легі аудан орталығының «Емен» саябағында жалғасты. Мұнда Солтүстік өңірдегі жоғары оқу орындарына түсудің тиімді тұстарынан ақпар беріліп, шара соңы шағын концерттік бағдарламаға ұласты.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.