«ТІГІНШІЛІК – МЕН ҮШІН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІК»

0

Жуырда Қордай ауылының орталығынан сән мен сапа тоғысқан шағын шеберхана есігін айқара ашқан болатын. Бұл сырттай қарағанда қарапайым ғана тігін орны. Бірақ иесі – шығармашылық пен еңбекқорлықты ұштастыра білген жан. Әңгімеміздің кейіпкері – ЖАННА КАШКЕНОВА. Жас келіншек, ана, кәсіби стилист және енді өз ісінің иесі.

– Мен Қордай ауданы, Бетқайнар ауылының тумасымын. 9-сыныпқа дейін ауылда оқып, кейін Алматыға колледжге түсіп, университетті бітіріп, сол жақта 20 жылдай тұрдым. Алматыда «LC Waikiki» және «Colin’s» дүкендерінде визуалды мерчендайзер әрі стилист болып 8 жыл жұмыс істедім. Киім мен сәнге қызығушылығым сол кезден-ақ басталған еді, — деп бастады Жанна Кашкенова өз әңгімесін.

Тігіншілікке деген сүйіспеншілігі ана болған соң оянған. Кіші қызын дүниеге әкелгеннен кейін, 2022 жылы, бұл салаға біржолата бет бұрды. Екі жарым жыл арнайы курстан өтіп, қосымша шелкографияны да меңгерді. Ол өзінің алғашқы киімдерін жақындарына арнап тіге бастайды. Артынша мектеп формасын тігіп, оны сатуға шығарады.

– Алғашқы формаларым тез өтіп кетті. Сонда түсінгенім сапалы және ерекше үлгіде тігілген киімге әрдайым сұраныс бар. Мектептер мен балабақшаларға футболка, этно жилеткалар тіге бастадым. Мұсылман қыздарға арналған той көйлектеріне де тапсырыс түсе бастады. Басында тек екі тұрмыстық машинкам ғана болды, сонымен-ақ біраз дүниені тігетінмін. Ең есте қаларлық тапсырыс – толығымен інжу тастарымен көмкерілген той көйлегі болды. Сол інжу тастарды тігіп шығуға екі тәулік уақытым кеткен, — деп есіне алды ісмер.

Жанна Сержанқызы Алматыда да тапсырыстар алып жүріп, тұрақты клиенттер жинап үлгереді. Бірақ отбасы жағдайына байланысты жолдасымен бірге Қордайға көшуге шешім қабылдайды. Бұл өзгеріс – арманы болған шеберхана ашуға жол ашады.

– Қордайға 2025 жылдың ақпанында көшіп келдік. Келген соң жақын құрбы-құрдастарым менің тігіншілік қабілетім туралы өз таныстарына айтып, осылайша «сарафанное радио» жылдам тарады. Алғашқы үлкен тапсырысымды Қордайдағы 11-сынып түлектері берді – соңғы қоңырауға арналған бірдей көйлектер. Содан кейін мен шеберхана ашуға нақты бел будым, — дейді тігінші.

Ұзақ ізденістен кейін ауыл орталығынан қолайлы орын табылып, көптен күткен арманы орындалып, жеке шеберханасын ашты. Бүгінде мұнда бір тапсырысты тігуге кететін уақыт 2 күннен 7 күнге дейін, ал егер мектеп не балабақша сияқты ірі тапсырыстар болса, 10-15 күн қажет.

– Маған көбіне әйел адамдар көйлек, жакет, жилеткаларға тапсырыс береді. Кейде шабыт келіп, өзімше образ ойлап тауып, тігіп, Instagram арқылы жарнама жасаймын. Сторис пен рилс арқылы көрсеткенде тапсырыстар түсіп жатады. Мен үшін ең маңыздысы – клиенттің сенімі мен көңіл күйі, — дейді ол.

Тігіншілік – тек кәсіп емес, кейіпкеріміз үшін бұл – шығармашылық еркіндіктің көрінісі. Ол әр бұйымды арнайы өлшеммен, сапалы матамен, қайталанбас үлгімен тігеді. Киімнің сызбасын қағазға түсірмес бұрын, матаның түрі мен құрылымынан шабыт алады.

– Мата қарап жүргенде, бір матаның фактурасын көріп, көз алдыма бірден көйлек, костюм не юбка бейнесі елестейді. Содан макетін сызамын. Негізі бір дизайнерден шабыт аламын деп айта алмаймын. Маған Ресей мен Украина мамандарының жұмыстары ұнайды, — дейді кейіпкеріміз.

Қазір Жанна Сержанқызы қазақи нақыштағы мектеп формасының киім үлгісін шығаруды армандайды. Сол себепті авторлық құқық рәсімдеу үшін жұмыс істеп жатыр. Өзінің логотипін брендтеп, тауарлық белгі ретінде тіркеуді көздейді. Сонымен қатар, сапалы тігін үйрететін курс ашуды да жоспарлап отыр.

– Басында курс ашу ойымда болмады. Бірақ сұраныс артып келеді. Қазір ойлана бастадым. Бірақ бір талаппен ғана – ол курс шынайы нәтиже беруі керек. Қыздар біліп қана қоймай, тікелей тәжірибе алып шықса деймін, — дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде ісмер ешқандай мемлекеттік қолдауға жүгінбеген. Алайда кәсібін кеңейту үшін болашақта мемлекет бағдарламаларын пайдалануды жоспарлап отыр.

– Тігіншілік – ең бірінші мен үшін шығармашылық еркіндік, шабытпен бөлісу жолы. Ал содан кейін ғана оны кәсіп деп қараймын. Отбасы мен істі қатар алып жүру оңай емес. Шабыт кейде түнде келеді, сол кезде отырып эскиз сызамын. Бірақ жолдасым мен бойжетіп қалған қызым үй шаруасына көмектесіп, қолдау көрсетеді. Арасында таңға дейін тігетін күндерім де болады, — дейді ол сөз соңында.

Кейіпкерімізбен сұхбатта оның өз ісін сүйетін, табандылығымен мақсатына жететін жан екенін байқадық. Ол өз кәсібінің деңгейін көтеруге, ең бастысы отандық өнімді шығаруға көңіл бөлуде. Ендеше көздегеніне жетіп, сән мен шабыттың мекеніне айналған шағын шеберханасының жұмысы көркейе беруін тілейміз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.