«Шебердің қолы алтын», дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Бұл – ғасырдан-ғасыр өтсе де, өзінің маңыздылығын жоймайтын, керісінше, өз мәнін артып келе жатқан мамандық.
Әдетте, көп адамдар үшін тігу – тек түймең түсіп кеткенде, ине мен жіпті сабақтап, оны орнына қайта қоюмен шектелсе, нағыз мамандар үшін бұл – шығармашылықтың нағыз шыңы. Бүгінде, салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп жүрген қолөнер шебері, Қарасай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана – Гүлнұр Жұмабекова. Гүлнұр Амантайқызы сияқты тәжірибелі тігінші үшін әр бұйым, әр жаңа жобаның өзіндік мәні, құндылығы бар. Ол жастайынан қолөнерге, тігіншілікке жақын болып өсті. Балалық армандарының бірі болашақта тігінші болу еді. Өз мақсаттарына жету жолында кейіпкеріміз Тараз қаласындағы лицейге дизайнер-тігінші мамандығы бойынша оқуға түсті. Бұл шешім оны өзінің сүйікті ісінде шеберлікке жетелейді.
Тігіншілік – бұл тек материалды біріктіру емес, сонымен қатар адамды шыдамдылыққа, икемділікке, жауапкершілікке үйрететін, ал шығармашылық тұрғысынан, адамның ішкі әлемін аша алатын ерекше өнер. Гүлнұр Амантайқызы тіккен бұйымдарына қарап, өз еңбегінің нәтижесін көргенде қуанышқа бөленеді. Тапсырыс берушілерінің ризашылығы мен жылы лебізі оны одан әрі шабыттандырады, себебі оның жұмысы – заманауи сәнмен үндескен, қазақтың ұлттық нақыштарын ұмытпай, дәріптейтін, кез келген адамды көркемдігімен тәнті ететін туынды.
«Мен бала кезімнен тігіншілікке құмар болдым. Әрқашан киімдердің қалай жасалатыны, олардың өзара қалай үйлесетіндігі мені қызықтыратын. Тігінді алғаш рет үйрене бастағанда, мен үшін онда бір сиқыр бардай көрінетін. Тамаша мата, түрлі-түсті жіптер мен ине – менің қиялымды оятып, ішкі шығармашылығымды дамытты. Мектеп табалдырығында жүрген кезден-ақ, түрлі шығын материалдарымен тәжірибе жасап, алғаш рет қуыршақтарыма көйлек тігіп көрдім. Ол менің алғашқы өнер туындым және мен оның сәтті шыққанына қуандым»,-дейді қолөнерші. Оның айтуынша, кәсібін өркендету үшін 2022 жылы мемлекет тарапынан 1,250 мың теңге қайтарымысыз қаржы иеленген.
Кейіпкеріміздің кәсібінің ерекшелігі – ұлттық дәстүрлерді заманауи дизайнмен ұштастыруында. Ол көпшілік қауымның сұранысына сай қыз жасауына, қоржын, қуыршақтар, құрақ көрпе, ою-өрнектермен безендірілген бұйымдарға үлкен назар аударады. Тігіншілік – ұлттық мәдениетті сақтаудың, оны жаңартып отырудың таптырмас мүмкіндігі. Бұл өнер – ұлттық нақыштағы бұйымдарды заманауи адамдардың талғамына сай етіп жасау арқылы, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты нығайтады.
Гүлнұр Жұмабекова сияқты мамандардың қолынан шыққан шығармашылық туындылар – тек материалдың бірігуі ғана емес, сонымен қатар адамның жүрегіне, сезіміне қозғау салып, оларды қазақтың бай мәдениетімен таныстыратын, ұлттың дәстүрін жаңғыртатын рухани байланысты қалыптастырады. Тігіншілік – осындай жан дүниемізді байытатын, мәдени құндылықтарды көркем шығармашылықпен ұштастырып отырған мамандық.
«Кейде қиындықтар кездеседі, әр жоба толықтырулары мен өзгертулерді қажет етеді. Бірақ, шын мәнінде, әрбір қиындық — менің шеберлік жолымның бір бөлігі»,-дейді қолөнерші.