Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбеков және емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сара Сураншиева Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек бастаған делегация құрамында Алматы қаласына іссапармен барып, онкологиялық қызметті ұйымдастырудың тиімді тәжірибесімен танысты.
Іссапарға Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдардың басшылары қатысып, онкологиялық көмектің алғашқы медициналық-санитариялық буында тиімді ұйымдастырылу үлгілерін зерделеді.
Алматы қаласындағы №17 қалалық емханада делегация мүшелері онкопатологияға күдікті пациенттерге арналған «жасыл дәліз» жүйесінің жұмысымен, скринингтік бағдарламалардың іске асырылу барысымен және пациенттерді бағыттау тетігімен танысты.
Сапардың келесі кезеңінде делегация Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОжРЗИ) болып, онкологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, заманауи диагностикалық және емдеу әдістерін енгізу, сондай-ақ скринингтік бағдарламалардың сапасын жетілдіру бағыттарын талқылады.
Бұл іссапар Қордай аудандық орталық ауруханасы үшін тәжірибе алмасудың, онкологиялық көмек көрсетудің сапасын арттырудың және медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтерудің маңызды қадамы.