Аудан әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, биыл Қордай ауданында 8000 гектар алқапқа дәндік жүгері себілмек. Бүгінде аталмыш науқан бел ортасынан асып, аяқталуға шақ қалған.
Бетқайнар ауылдық округінен орын тепкен «Нұр-Ал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көктемгі егіс дала жұмыстарын жүргізуде көш бастаған шаруашылықтардың бірі. Серіктестік диқандары дәнді дақыл егуді ойдағыдай аяқтап, агроқұрылымдар арасында бірінші болып «дала аруын» себуге кіріскен. Қазіргі таңда мұнда дәндік жүгері 250 гектар жерге себіліп, оның 100 гектарына сүрлемге арналған арнайы жүгері егілген. Осы орайда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шаруашылық 20 тонна арзандатылған жанар май алғанын да айта кеткен артық болмас.
— Егіншілікпен айналысқаныңда істің ірісі мен кішісі болмайды. Қолданған тәсілің мен атқарған әрбір әрекетің маңызды. Онымен қоса техниканың жарамды болуын да жіті қадағалаған жөн, — дейді шаруашылық басшысы Дүйсехан Оңгелдиев.
Шаруашылық инновациялық агротехнологиялардан да кенде емес. Бүгінде «Нұр-Ал» 50 гектар жүгері алқабына тамшылатып суғару технологиясын қолданған. Тиімді тәсілдердің арқасында мол өнімге қол жеткізуге болатынына көз жеткізген шаруашылық өкілдері қажетті мөлшерде органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолданып, суару маусымы кезінде «дала аруына» тиісті күтім жасауды жоспарлап отыр.
Жұмысы тура жолға қойылған шаруашылық өткен жылы гектарынан 80 центнер жүгері алып, 1000 тонна сүрлем дайындаған.
«Нұр-Ал» ЖШС Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен де тығыз байланыс орнатқан. Биыл 500 гектарға арпа егіліп, былтыр 1000 гектар жерге күздік бидай себілген. Сондай-ақ, шаруашылық мал азығын жинауға кірісіп, 400 гектар жерге егілген жоңышқаны шабуды қолға алған.