ТІЛ ҮЙРЕНУГЕ ҰМТЫЛҒАНДАР ҚАТАРЫ АРТУДА

0

Қордай ауданында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл істің басында аудан әкімдігіне қарасты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұр.

Бүгінгі таңда аталмыш орталықтың қазақ тілі курстарына Қордай, Қарасу, Масаншы, Ауқатты, Сортөбе ауылдық округтерінің тұрғындары, сондай-ақ білім беру, медицина, мәдениет, дін және басқа да салалардың өкілдері белсене қатысып отыр. 2025 жылдың 27 мамырына дейінгі мәлімет бойынша, орталық ұйымдастырған курстарға барлығы 946 тыңдаушы қамтылып, 64 топ құрылды.

Қазақ тілін үйренуге ынта білдіргендердің басым бөлігін – студенттер (327) мен білім беру саласының қызметкерлері (314) құрайды. Сонымен қатар, 59 медицина саласының өкілі, 53 имам, 109 жұмыссыз азамат және түрлі салада еңбек ететін 77 адам курсқа қатысып жүр. Қазақ тілін үйренушілердің арасында жекеменшік серіктестіктен, мемлекеттік мекемелерден, мәдениет қызметкерлерінен де өкілдер бар.

Бір қызығы, тыңдаушылардың 99 пайызға жуығы – өзге ұлт өкілдері. Дүнген ұлты – 830 адаммен көш бастап тұр. Бұдан бөлек, орыс – 71, әзірбайжан – 14, қырғыз – 6, ұйғыр – 2, неміс – 2, өзбек – 3, украин – 1, шешен – 1, балқар – 2, қарашай – 4, хакас – 2, қарақалпақ – 1 адам. Қазақ ұлтынан курсқа 7 адам қатысуда. Бұл деректер – өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығының артып отырғанының айғағы.

Қазіргі таңда аудан бойынша орталыққа қарасты 16 оқу кабинеті жұмыс істейді. Олар Қордай, Қарасу, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінде орналасқан. Әсіресе, Сортөбе (7 кабинет) мен Масаншы (5 кабинет) ауылдық округтерінде қазақ тіліне деген сұраныс жоғары. Әр кабинет тиісті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұғалімдерге арналған әдістемелік кеңестер тұрақты түрде өткізіліп, курстардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді.

Қазақ тілі курстары тек грамматиканы оқытуға бағытталып қоймай, сонымен қатар қазақ халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға да айрықша көңіл бөледі. Осы бағытта түрлі мерекелер мен атаулы күндерге орай тәрбиелік, танымдық іс-шаралар өткізілуде.

Мәселен, Халықаралық ана тілі күніне орай 5 ашық сабақ пен 1 танымдық сабақ ұйымдастырылса, Мұқағали Мақатаевтың 94 жылдығына орай тәрбие сағаты өткізілді. Ал 1 наурыз – Алғыс айту күнінде «Кім тапқыр?” интеллектуалды ойыны, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мен 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні мерекелерінде диктант, саяхат-сабақ, ұлттық ойындар жарысы мен «Наурыз-PARTY» шеберлік сағаты өтті.

Тыңдаушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеу, тыңдау және импровизация қабілетін арттыру мақсатында «ŞAÑYRAQ» клубының 5 отырысы өтіп, оған 48 адам қатысты. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйренушілерге арналып «RELAX AND LEARN” атты клуб ұйымдастырылып, 47 тыңдаушы тартылды.

«Тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік мекемесінің басты мақсаты – мемлекеттік тілдің біріктіруші ретіндегі рөлін күшейтіп, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайту. Қазақ тілінің күнделікті өмірде еркін қолданылуына жағдай жасау – ел болашағына қосылған маңызды үлес.

– Мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті өзге ұлт өкілдерінің саны жылдан жылға артып келеді. Бұл – еліміздегі татулық пен достықтың, ұлттар арасындағы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Тілді үйрену – ұлтты құрметтеу. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды жүйелі жалғастырамыз, – дейді мекеме директоры Б.Ыбышева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.