Қыркүйек айындағы атаулы күндердің бірі – Тілдер мерекесі.
Әрбір халықтың тілі – оның рухани қазынасы, мәдениетінің айнасы. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрлері, дүниетанымы мен тарихы осы тілі арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Сондықтан да тілді дамыту, оны қадірлеу – әрбір азаматтың парызы. Мемлекеттік тілдің мәртебесі – бұл елдің егемендігімен қатар тұратын маңызды құндылық.
Жалпы бұл айтулы күн – әр түрлі ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін сақтауға, оны келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретін мереке болып табылады. Қордай ауданы бұл тұрғыдан ерекше орын алады. Себебі, ауданда әр түрлі ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін сақтап, дамытуға арналған шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Бұл шаралар халықтар арасындағы татулықты нығайтып, тілдік мәдениетті дамытуға үлкен үлес қосуда.
Аудан жастары арасында да мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылық артып келеді. Бұл тек тілдерді үйрену курстарында ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдени шараларда да көрініс табуда. Ауданымыздағы «Үштұғырлы тіл» саясаты аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жастардың тілдерді меңгеруге деген ынтасы артқан. Бұл өз кезегінде олардың болашақта бәсекеге қабілетті маман болуына ықпал етеді.
Қордай аудандық Тілдерді дамыту орталығы әрбір азаматтың тілдерді меңгеруге, оны дамытуға деген ынтасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді. Тілдер мерекесі арқылы біз ұлттық бірлігімізді нығайтып, көпұлтты еліміздің мәдени байлығын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу міндетін алға қоямыз. Әрбір азамат тілді құрметтеп, оның дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Тіл – ұлттың рухани қазынасы, ал оны сақтап, дамыту – біздің ортақ міндетіміз.
Б.Ыбышева, «Тілдерді дамыту орталығы» КММ директорының м.а.