Тіл – ұлттың рухы

0

Қазақстан халқы тілдері күні 2007 жылы президент жарлығымен бекітілді. Мерекенің негізінде тілдердің қоғамдағы маңызы, оларды сақтау және дамыту қажеттілігі жатыр. Тілдер мерекесін атап өту барысында елімізде түрлі мәдени іс-шаралар, әдебиет кештері, тіл курстары ұйымдастырылуда.

Аталмыш күнге орай Қордай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына арналған іс-шара өткізді.

Шара барысы екі бағытта жүзеге асырылды.

Біріншісі, қатысушылар өзі туралы қысқа бейнежазбалар дайындап, оларды көрермендер алдында қорғады. Бұл кезеңде олар өздерінің шығармашылық қабілеттерін, сөйлеу мәдениетін көрсете білді.

Ал екінші кезеңде жарысушылар ұлт ұстазының таңдаулы шығармаларын жатқа оқып, олардың терең мағынасын жеткізуге тырысты. Бұл байқау тек қана жаттап айту шеберлігін емес, сонымен қатар әдеби туындыларды түсіну тереңдігін де көрсетті.

«Біздің басты мақсатымыз – жастардың ұлттық мәдениет пен әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлы тұлғалардың мұрасы – бұл біздің рухани байлығымыздың алтын қоры. Тілдерімізді сақтап, дамыту – әрқайсымыздың борышымыз. Бұл мереке арқылы біз еліміздің көптүрлілігін, бірлігін және мәдени байлығын атап өтеміз», — дейді мекеме директоры Баян Әбдікерімқызы.

Байқау қорытындысында «Тілдерді оқыту орталығы» атынан барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.