«Тіл –халық жанын танудың кілті»

0

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп көрегендікпен айтылған сөзіне бүгінде жер бетінен мәңгілікке жойылып кеткен біршама ұлттардың тағдыры куә. Кешегі ұлылардың сенімін ақтап, тіл бірлігін жалғастыруда барлық күш-жігер, жауапкершілік алдымен бүгінгі жастарымызға түсетіндігі айдан анық. Ал біз осынау абыройлы парызды қаншалықты атқарып жүрміз? Пайымдап көріңізші. Өзгелерге еліктеп, өзінің ана тілін мансұқ етіп жүрген жастарымыздың қатары аз ба?

Тілі енді шыққан бүлдіршінге басқа тілді мультфильмдерді көрсетіп, орыс балабақшасына беруді дағдыға айналдырған өзіміз болсақ керек. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ қоғамдық көлікте орысшы сөйлейтін жастарды көргенде, ішің удай ашиды. Бүгінде еліміздің әр аймағында тілді дамыту тұрғысында біршама істер жүзеге асырылып келе жатқандығын да ескерген жөн.

Тіл – қашанда ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың еге¬мендігі баянды, тұғыры қашан да биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік те бар. Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеу үшін, ең алдымен, тілді білуге деген қажеттілік туындауы керек деп ойлаймын. Екіншіден, әрбір адамға тілді үйренуге деген ниет пен білім қажет. Ананың сүтімен бойға дарыған туған тілді құрметтеу – ең қымбат, ең асыл қасиеттердің бірі. Ал осы қасиеттерді жасөспірімдердің бойына сіңіріп, қазақ тілінің мәртебесіне сызат түсірмеу баршамыздың жұмыла көтерген жүгімізге байланысты.

Жалпы тіл мәселесіне келгенде әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз керек. Өйткені мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін өсіру жолында мұндай жауапкершілік болмаса, қолға алған істеріміздің нақты мақсатқа жетуімізге айтарлықтай кедергі келтіреді. «Тіл тұғыры — ұлт тұғыры» екенін естен шығармауымыз керек. Әсіресе, кейінгі жастар қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде сөйлеуге жетік мән берсе деп ойлаймын. Себебі жастар — елдің келешегі. Ел келешегі тек қана экономикалық жетістіктермен ғана емес, мәдени-рухани қазыналарымызбен де айқындалып, тұғырлана түсері хақ. Олай болса, жастарымыз тіл мәселесіне келгенде сергектік танытып, жанашырлықпен қараса, игілікті іс болар еді.

Жер жүзіндегі қай халық болмасын тамыры терең текті тілі арқылы рухани болмыс-бітімін танытып, құндылығын насихаттап, ұлттық қалпын сақтай алады. Өйткені тіл – бүтін бір ұлттың болмысы, том-том тарихқа жүк боларлық хикаясы бар халықтың келбеті, тарихы тағдырына, тағдыры болашаққа тарам-тарам жол етіп салынған ұлттың басты байлығы.

«Ана тілі – халық болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп бес арыстың бірі Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, әлімсақтан тұнықтығын сақтаған әлемдегі таза әрі көркем тіл ретінде қазақ тілін айтуға болады.

Қазақ жеріндегі ана тілге құрмет, мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселелері еліміз егемендік алғалы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тіл мәртебесінің нығаюына, қолданыс аясының кеңеюіне септігі тиерлік шаралар  жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жұмыстарының басым бөлігі тілдерді оқыту орталықтарына жүктеліп отыр. Бүгінде республика бойынша 111 тіл оқыту орталығы тіл саясатын қарқынды жүргізіп келеді. Соның бірі – Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы тілдерді оқыту орталығы.

Орталықтың негізгі мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік капиталды дамытуға. Орталық мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды, іс-шаралар жоспарын іске асыруға қатысады, тілдерді меңгеру бойынша нысаналы индикаторлар мен нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ, жеке тұлғаларға мемлекеттік және ағылшын тілдерін тегін оқыту курстары ұйымдастырылуда.

Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. … Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр .

Қазақ жазушысы М.Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?»,  деп тілдің халық үшін атқаратын қызметінің маңызын айқындап көрсеткен. Сондықтан туған тілдің қадірін көтеріп, қолданыс аясын жастар арасында, этнос өкілдері арасында кеңейту бағытындағы жұмыстарды жандандыру әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Өн бойында қасиет, шежіре, тарих, көркемдік тұнған туған тілдің бабалар аманаты екенін өскелең ұрпаққа жеткізу де – аманат.

Гүлмира Бопи,  «Тілдерді оқыту орталығының» оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.