Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Біздің тіліміз әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады.
Қазақ тілі қазақ халқының жан сезімін және рухани байлығын ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатыр. Ал ол сезім мен байлыққа қол жеткізіп, кенелу қазақтың тіл мәдениетін толық меңгеру арқылы ғана мүмкін болмақ. Сонымен қатар тіл дегеніміз – ұлттық болмыс пен психология аясындағы ең сезімтал әрі нәзік сала. Олай болса, мемлекеттік тіл тағдыры қазақ ұлтының да тағдыры екені баршаға аян. Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың тірегі. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» деуі тегін айта салған сөз емес. Ол біздің тіл биіктігімізді, ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік сөзі деп түсінгеніміз жөн.
Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ» – деп, тіл жайында терең толғанған екен.
Тілді тіл ғылымы мен әдебиеттің нысаны етумен ғана шектелмей, бүкіл Қазақ елінің ұлттық сұранысы мен мемлекеттік мәртебесіне айналдыру – қашанда өзекті мәселе. Мемлекеттік тілге деген құрмет пен ықылас ұлттық сананың биігіне көтеріліп, жалпыхалықтық мүдде кеңістігіне шығу қажет. Тіл Отан көлемінде қуатты қатынас құралы бола тұрып, халықаралық байланыста да өзінің мемлекеттік мәртебесін сақтауы үшін жас ұрпақтың жеке тұлғалық қасиеті мен патриоттық сезімін ұштастыра тәрбиелеу – біздің ұстаздық парызымыз. Сонда ғана қазақ тілі қоғам өмірінің бар саласында шынайы сұранысқа ие болады. Қазіргі қазақ тілі – жалпы әлемдік тілдік дамудың биік деңгейінде тұрған дамыған тіл.
Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан әр халық өз тілінде мақтанып қана қоймай, оны дамытып, жұмыс жасауы керек. Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше.
Абайға дейін жыраулар, батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған. Абайдан кейінгі қазақ тілінің ерекше қолданысқа түсуі, оның қазақ поэзиясын халық ішіне идіріп әкелуі. Әрине Абайға дейін де поэзия болды. Бірақ ол зар заман жырлары мен дастандары. Ал Абай тілінде сұлулықпен біз айтқан ерекшелік үндесіп жатыр.
Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер, кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөл ойнауы мүмкін. Өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз.
Гүлмира БОПИ, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі мұғалімі