ТІЛ – МӘДЕНИЕТТІҢ КӨРСЕТКІШІ

0

Қазіргі тіл біліміндегі зерттеулерде қарастырылып жүрген жаңа бағыттың бірі тіл мен мәдениет байланысына арналған. Көптеген зерттеу еңбектерінде тілдегі ұлттық танымды, ұлттық рухты, ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған жұмыстар сөз болып келеді.

Бірқатар зерттеушілер тіл – мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениеттің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш, ұлттық мәдениеттің тірегі тілде, қазақ халқының этностық, ұлттық мәдениеті, негізінен тілде көрініс тапқан, осы орайда тіл – ұлттық болмысымен қалыптасқан төл мәдениетіміз сақталған негізгі көздердің бірі екенін айтады.

Тарихқа үңілсек, хандар мен батырлар да аузынан от шашқан шешендердің сөзіне тоқтап отырған. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген сөз осыдан туса керек. Адамдарды ажалдан, өлімнен, ауыл мен ауылды жаулардан құтқарған, сөз құдіреті екені даусыз. Өміріміздің алмастай қырын, абзал сырын білуімізге басты себепкер де ана тіліміз. Ана тілінің бүге-шүгесіне дейін біліп, терең иімдеріне бойлай білу – саналы азамат болғысы келген әр адамның парызы. Сол себепті ана тілінің байлығын пайдалана алмаған адам — пақыр, ол әрқашан күлкіге ұшырайтын жан. «Өнер алды қызыл тіл», «Тіл өнегесі дертпен тең» , «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жасалған шықпайды»… деп ұлы Абай атамыздың айтқанына қалайша толғанбайсың.

«Ақылың болса – сөз тыңда» деген бабалар сөзі бүгінде ұрпаққа үлгі болары хақ. Өйткені қазақ халқы сөз сөйлеуге, нақыл сөздерді ойната білуге өте шебер. Бабаларымыз бір ауыз сөзге тоқтап, бір ауыз сөзге күйініп не сүйініп отырған. Міне, осыған қарап асыл сөздердің оттай ыстық, мұздай суық, қылыштай өткір, мамықтай жұмсақ, өрмекші торындай нәзік, шуақтай жылы екеніне көз жеткіземіз. Заман өзгергенмен, адамның елі, жері, тілі, діні, тәрбиесі, бесігі өзгермейтіні хақ. Бәрімізге белгілі, тіл – ең алдымен қоғам мүшелерінің өзара пікіралмасуына, қарым-қатынас жасауына қажетті құрал. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды. Ана тілі ғасырлар бойы жасала береді, жасара береді.

Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, Абайдың ақылдылығын, сыршыл үні мен үкілеген үмітін бүгінгі ұрпаққа жеткізе білген қасиетті де құдіретті аманатымыз —  қазақ тілін саф қалпында сақтап, оны дамыту әрбір азаматтың қасиетті парызы деп білуіміз қажет.

 

А.Изаева,аудандық тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.