Тіл мерейін үстем еткен

0

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудің маңыздылығына тоқталып өткен болатын. «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», — деді Президент өз сөзінде.

Ал тілдік қатынас пен тілдік ортаны қалыптастыратын негізгі орындардың бірі – мейрамханалар мен дәмханалар. Ауданымызда мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсететін, ерекше атап өтуге болатын бірнеше қоғамдық тамақтану орындары бар. Солардың бірі – аудан орталығында орналасқан  «Ақниет» кафесі. Ұлттық нақышта безендірілген дәмханаға кіре бергеннен қазақы иіс аңқып тұрады. Кең әрі жайлы зал, қабырғалары қазақы бұйымдармен, ою-өрнектермен әрленген. Мұнда даяшыдан бастап әкімшілігіне дейін қазақ тілінде сәлемдесіп, қазақ тілінде жазылған ас мәзірін ұсынады. Даяшылардың сырт келбетіне де көз  сүйсінеді – бастарында қазақша тақия, үстілерінде оюланған қамзол. Тағы бір айта кететіні, дәмхананың әлеуметтік желідегі парақшасы да қазақ тілінде жүргізіледі.  Мұндағы мемлекеттік тілге, ұлттық құндылықтарға деген құрмет ең алдымен сол дәмхана иесінің қазақ тілді болмысы мен қызметкерлерге қоятын талап-ниеті екені анық.

– Қордай ауданы түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған өлке екені белгілі. Сондықтан сонау 1997 жылы «Ақниет» кафесін ашарда ең алдымен осы орын ұлттық болмысымызды танытатын, өзге ұлт өкілдері дәмханаға келіп, ұлттық тағамдарымыздың, сусындарымыздың қандай болатынын білетін орын болса, деген ой тұрды. Сондай-ақ, қазақ тілінде сапалы қызмет көрсету мен үшін басты мақсаттардың бірі болды және солай болып қала бермек. Әрбір азамат қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосуы тиіс деп есептеймін. Әсіресе, осы кәсіпкерлік саласында, техника, ғылым салаларында мемлекеттік тілді көбірек және сауатты қолдансақ, оған сұраныс та арта бермек, — дейді дәмхана иесі, кәсіпкер Әлібек Омар.

Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп жүрген тағы бір кәсіпкерлік нысандарының бірі – «Тұран» мейрамханасы. Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан мейрамхана өткен жылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған «Үздік ас мәзірі» облыстық байқауына қатысып, II дәрежелі дипломмен марапатталған болатын. Облыстық байқаудың қалай өткені, қандай талаптар болғаны жайында бізге «Тұран» мейрамханасының әкімшісі Зарина Садыкова айтып берді.

– «Байқау 2023 жылдың қараша айында өтті, бірнеше талаптардан тұрды. Ең алдымен біз мемлекеттік тілде жазылған ас мәзірін портфолио түрінде өткіздік, мейрамхананың эстетикалық безендірілуі, сервис сапасы бойынша шағын репортаж түсірдік. Сондай-ақ,  тұтынушылармен 1 минуттық сұхбат құруымыз туралы бейнежазба дайындадық. Бұл бейнежазбада біздің персоналдардың мемлекеттік тілде сауатты сөйлеуі, өзін-өзі ұстауы, сырт келбеті барлығы бағаланды. Мәселен, қазақы нақыштағы кабинаға келген қонақтарға ұлттық киім киіп қызмет көрсеттік. Жалпы өзіміз үшін де қызықты әрі үлкен тәжірибе болды», — дейді. Айтпақшы, мейрамхана әкімшісі Зарина Садыкованың ұлты әзірбайжан болғанымен, қазақ тіліне судай. Мемлекеттік тілді білуінің арқасында ол келген қонақтармен еркін сұхбат құрып, тапсырыстарын еш қиындықсыз қабылдай алады.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.