«Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!»

0

Тіл – ұлттың жаны, рухани тірегі. Ол – жай ғана қатынас құралы емес, бір халықтың тарихы мен тағдырын, болмысы мен мәдениетін бойына сіңірген қастерлі мұра. Қазақстан – көпұлтты ел. Мұнда түрлі этнос өкілдері татулық пен өзара сыйластықта өмір сүріп келеді. Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекетіміз ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты басты құндылық ретінде ұстанып келеді. Осы бірліктің өзегі – мемлекеттік тіл, қазақ тілі.

«Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!» деген ұлағатты сөз бүгінде халық санасына берік орнығып, нақты істермен дәлелденіп келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Қай ұлт өкілі болсын, ана тілін ардақтап, өз тілінде өсіп-өнеді. Дегенмен, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі – ел болашағы үшін маңызды қадам. Бұл үрдіс бүгінде жаңа белеске көтерілді. Балабақшалар мен мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында түрлі ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілін үйреніп, еркін сөйлеуге ұмтылуда.

Мемлекет тарапынан да тілді дамытуға нақты қолдау көрсетілуде. «Тілдерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тілін тегін үйрететін курстар, онлайн платформалар іске қосылып, оқу құралдары жаңартылуда. Сонымен қатар, қазақ тілін меңгерген өзге ұлт жастарына арналған түрлі байқаулар, олимпиадалар мен фестивальдер өткізіліп, ынталандыру шаралары жүргізілуде.

Қазақ тілін үйрену – тек тілдік білім алу емес, бұл елге, жерге, халыққа деген құрметтің көрінісі. Өзге ұлт өкілінің қазақша еркін сөйлеп, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуі – шынайы азаматтықтың үлгісі. Тіл – ел бірлігінің алтын діңгегі. Ал бірлік – жарқын болашақтың кепілі.

«Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!» деген қанатты сөз әрбір азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс. Мемлекеттік тілге құрмет – елге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Сондықтан әрбір қазақстандық, ұлтына қарамастан, қазақ тілін білуге, дамытуға және өркендетуге үлес қосуы – азаматтық парыз әрі ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.

Сандуғаш Досқұл, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ қазақ тілі мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.