Тілшілермен тілеуі ортақ

0

Ақпарат саласы қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. Сондықтан да ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, мемлекет пен қоғам арасында алтын көпір болып жүрген БАҚ қызметкерлерінің еңбегі қашанда ерек. Дегенмен, төл мереке қарсаңында өзіміз туралы емес, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жандандыруға атсалысып жүрген баспасөз жанашыры, журналистер қауымымен тығыз жұмыс істейтін жан туралы қалам тербеуді жөн көрдік.

Фариза Қорабай – аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар білікті маман өзінің лауазымдық міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды, сондай-ақ, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Оның негізгі функционалдық міндеттерінің бірі – өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жандандыру. Ауданда өткен түрлі шаралардың, оқиғалардың ақпараттық сүйемелденуін, жыл сайын бекітілетін медиа-жоспардың уақытылы орындалуын бақылау Фариза Советқызының  құзырында. Аудан тұрғындарына «Қордай ауданының әкімдігі» атауымен белгілі инстаграм парақшасына күнделікті аудан жаңалықтарын жариялап отыратын да өзі. Бір қызығы жұмысы БАҚ саласына етене жақын мемлекеттік қызметші бала кезінде журналист болуды армандаған екен.  «Балалық арман мені алысқа жетеледі. Жаңалықтардың жаршысы болған, дауыстары кімді болса да елең еткізер тележүргізушілер мен сөздің қадірі мен  қасиетін түсінген журналистер қауымына қарап қатты еліктедім. Мектеп табалдырығын аяқтағанша бала арманымның жетегінде жүрдім. Дегенмен, өмірдің түрлі иірімді жолдарымен тележүргізушіліктің орнына «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығына түстім. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін, себебі мен бүгінде осы бұқаралық ақпарат құралдарының қайнаған ортасында еңбек етудемін. Менің орындалмаған бала арманыма жеткізген – дәл осы мемлекеттік қызмет болды. Мемлекеттік қызметке келгеніме, міне, биыл алты жылдан асты. Осы аралықта ішкі саясаттың сан түрлі саласымен таныстым, халық пен биліктің алтын көпіріне айналған – жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына етене араластым.

Ақпараттың ағыны қарыштап тұрған заманда баспасөз құралдарының, оның ішінде әлеуметтік желілердің орны ерекше. Осы бағытта ауданда ақпараттық саясатты жүргізу мақсатында аудан әкімдігінің фейсбук және инстаграм желісінен «Қордай ауданы әкімдігі» атауымен парақшалар ашып, аудан жаңалықтарын тұрақты түрде жариялап тұрамын. Қазіргі таңда инстаграм парақшасына 12000-нан астам оқырман жазылған. Мұнымен шектелмей, аудан жаңалықтарының республикалық және облыстық телеарналардан шығуына да ықпал етіп келемін. Бұл да бір халықты ақпараттандырудың оңтайлы жолы»,-дейді Фариза Қорабай.

Бүгінде екі баланың анасы атанған Фариза декреттік демалыста отырса да, жұмыстан қол үзген емес. Аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларын күнделікті жаңа жарияланымдармен толтырып, оқырманмен кері байланыс орнатып отырады. Жұмыс пен бала тәрбиесін ұштастыра білген кейіпкеріміздің мемлекеттік бағдарламалар мен ақпараттандыру ағыны саласында алға қойған мақсаты мен жоспарлары ұшан теңіз.

«Заман алға озып, әлеуметтік желілер қанша қарыштап дамығанымен, газет ешқашан өз маңыздылығын жоймайды. Оған әлем елдеріндегі газет оқу мәдениетін мысалға алсақ та жеткілікті. Ал «Қордай шамшырағы» аудандық басылымының мен үшін орны бөлек. Ғасырға жуық тарихы бар газет бетінде жаңалықтардан бөлек, ауданның тарихына байланысты құнды мақалалар, белгілі тұлғалар туралы материалдар тұрақты шығып тұрады. Сонымен қатар білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласы қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің жасап жатқан жұмысын халыққа жеткізуде бас басылымның үлесі айрықша. Сол себепті біз аудандық газетіміздің жанашыры, тұрақты оқырманы болуға тиіспіз. «Қордай шамшырағы» газетінің ұжымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын»,- деп ізгі тілегін жеткізді Фариза Советқызы.

Біз де Фаризаны Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, жұмысына толағай табыс, еселі еңбегінің елене беруін тілейміз!

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.