Тілсіз жаудың алдын алу

0

Қордай ауылы сыртынан шыққан дала өрті минут сайын өршіп бара жатты. Құрғақ шөпті қаузаған тілсіз жау жел екпінімен еліре түскендей. Әне-міне ауыл ішілік жолға жетсе, ары қарай елді мекенге ауыз салғалы тұр. Алапат өртті ауыздықтауға төтенше жағдай қызметі аяғынан тік тұрды. Оған өзге де азаматтық құрылымдар көмекке келіп, көп ұзамай ақ жалын ауыздықталып, ауылға және табиғатқа төнген қауіптің беті қайтарылды. Қордай ауданында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу осылай өткен болатын.

25 сәуірде Қордай ауылы «Ноғайбай би» атшабары жанында табиғи өртті сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу өтті. Төтенше жағдайлар, медицина, полиция қызметі, ауылдық округ жасақтары, орман шаруашылығы қызметкерлері барлық техникасымен өрт болған жағдайда өзара қимыл жасау бойынша сап түзеді. Аталмыш шара облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, облыстық Төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері қатысты. Алдымен аудандық төтенше жағдайлар  бөлімінің өкілдері өртті ауыздықтау бойынша жоспарды карта бойынша көрсетіп, қандай техника, қанша адам жұмылдыратыны туралы айтып өтті. Шартты жағдайда өртті сөндіру үшін алдымен соқа сүйреген тракторлар аттанды. Олар өрт аумағын айнала жыртып өтіп, оның ары қарай өршуінің алдын алды. Содан кейін орман шаруашылығы техникалары мен ерікті жасақшылар тілсіз жауман айқасқа жұмылды. Оларға көмекке үлкен өрт сөндіру техникасы жетіп, бірнеше минут ішінде толықтай дала өрті сөндірілді. Ал, сөндіру кезінде медициналық бөлімінің көмекті қажет еткен жандарға сол жерде кезекшілікте тұрған жедел жәрдем қызметі жетіп, қажетті ем-домын жасады.

– Бұл шараның мақсаты жаз айларында болатын дала өрттеріне дайындықты бір пысықтап алу. Оған жұмылатын қызмет түрлерінің техникалары, адамдардың арнайы киімдерінің болуын бір қадалағау. Шұғыл әрекет етуге әрдайым дайын болуымыз қажет. Мұндай жаттығулар қазіргі таңда қолымызда не бар, қай жағынан жұмысты жандандыру қажет? Сол сұрақтарға жауап береді. Жалпы, ауданның дайындығы көңілге қонымды, — деді Қанатбек Мәдібек.

Оқу-жаттығудың түпкі мақсаты Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің және Қарақоңыз, Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ бөлімшелері мен ауылдық округтердің ерікті өртке қарсы құрылымдары араларында дала өрттері кезінде өзара іс-қимылдарын пысықтау екенін еске салғымыз келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.