ТІРЛІГІ ТӨРГЕ ОЗҒАН СОРТӨБЕ

0

Былтырғы жыл аудандық басылымның редакциялық алқасы үшін ерекше болды. «Ауыл тынысы» айдарының аясында біз ауылдық округтерді аралап, шалғай елді мекен тұрғындарының тіршілігіне үңіліп, онда орын алған азды-көпті өзгерістерді оқырман назарына ұсынуға тырыстық. Газет арқылы сіздер нәсібін қара жерден тапқан диқандармен, таңмен таласа жұмысына кірісетін сауыншылармен, түрлі кәсіп иелерімен таныстыңыздар. Біздің оқырмандар үйден шықпай-ақ Мұзбелдің саф ауасымен тыныстап, Қарақоңыз шатқалының тұмса табиғатын тамашалап, Қарасайдың алма бақтарының хош иісін сезіп, Қайнар ауылының шеберлері тоқыған шұлықтардың ою-өрнегін қызықтау мүмкіндігіне ие болды. Ал бұл жолы біз сіздерді Сортөбе ауылдық округіне саяхаттауға шақырамыз. Сортөбе ауылы – ауылдық округтің орталығы болып табылады. Құрамына қос ауыл кіретін ауылдық округтің шығысы мен солтүстік-шығысында Тянь-Шань және Жетіжал таулары, оңтүстігінде Шу өзені бар. Ауыл Шу өзенінің жағалауында орналасып, 15 шақырым жерге дейін созылған. Көршілес Бұлар батыр ауылының шығыс бөлігінде V-X ғасырларға жататын ежелгі Сортөбе қорғаны бар. Аталмыш тарихи нысан ғалымдармен толық зерттеліп үлгермеген. Дегенмен қорғанның атауы ауылдың Сортөбе деп аталуына негіз болған. Жылдан жылға көркейіп келе жатқан округ аумағында мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып, көкөніс шаруашылығы мен кәсіпкерлік даму үстінде. Ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерін ұстанып келе жатқан ауыл халқы еңбекқор. Кең-молынан салынған үйлерінің аулаларын алуан түрлі гүлге толтырып, бос жатқан жерлерге пайдасы зор өсімдіктер өсіруде.

БАЛЫҚ ТА БАҚҚАНҒА БІТЕДІ
Қордайлықтардың ақсерке тұқымдас бақтақ (форель) деп аталатын балықты қолжетімді бағамен алу мүмкіндігіне ие болғанына екі жылдың жүзі болды. Бұл балықтың тілді үйіретін дәмі туралы айтудың өзі артық. Осы ретте біз оқырмандарымызға бақтақтың Қордай ауданында пайда болу тарихын баяндап, оны көбейтудің қыр-сырымен бөлісуді жөн көрдік.
Жалпы елімізде балық шаруашылығы ауыл шаруашылығының маңызды буыны болып қалыптасты деуге толық негіз бар. Ал шаруашылықтың бұл түрінің ауданымызда қарқын алуы үлкен абырой. Әр істің қызығымен қатар қиындығы да қатар жүретіні белгілі. Балық шаруашылығын бастамас бұрын оның қаншалықты күрделі екенін түсіну қажет дейді «Korday Fish» ЖШС басшысы Рамазан Харсанов.
-Балық шаруашылығы бірінші жылы дән егіп, астық ала салатын егін шаруашылығы емес. Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап, жақсы дайындықпен кірісу керек. Ал, табыс білімнен басталады, — дейді серіктестік басшысы.
Сортөбе ауылдық округіндегі бақтақ шаруашы-лығы ағын тоғанының жағасында шамамен 4 гектар жерге орналасқан. Құбылмалы және кәріптас түсті бақтақтары өсіріліп жатқан бұл тоғанға су қайнардан келеді. Балық өсіру, ауыл шаруашылығының кез-келген саласы сыңайлы тәуекелді бизнес түрі. Судың температурасы мен тазалығы, балықты бір бассейннен басқасына ауыстыру кезеңін сақтау, азық беру тәртібі, т.б. нормаға сай болу керек. Олай болмаған жағдайда балық қырылуы мүмкін, ал бұл дегеніңіз шығын.
Рамазан Харсанов қиындықтан қорықпайтын адам, сондықтан да болар бұл іске білек сыбана кірісіп кеткен.
Бұрын көрші елде жолдастарымен бірге балық шаруашылығымен айналысып, тәжірибе жинаған кәсіпкер 2019 жылы округ әкіміне жолығып, өз кәсіпкерлік бастамасын алға тартып, алдын ала дайындап келген бизнес жоспарын ала келген. Балық шаруашылығына, ішкі нарықты балғын балықпен толтыруға бағытталған бизнес-жоспар мақұлданып, жалға жер берілген. Бөлінген жерге 10 бассейн орналастырылып, бастапқыда тәжірибе ретінде 10000 шабақ жіберілді. Іс ойдағыдай жүріп кетті.
Айта кетсек, құны 300 млн.теңге жобаға инвесторлардың қаражаты тартылды. Қазіргі таңда «Korday Fish» ЖШС өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген, оған сай 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында әрі қарай даму үшін кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілмек.
Бүгінде шаруашылық аумағында инкубация цехінің қарқынды құрылысы жүргізілуде. Аталмыш цехте шабақтар өсірілмек. Сонымен қатар балықты өңдеу, оны ыстау жоспарда бар, ал бұл дегеніміз жоспарды іске асыру үшін консервілеу, ыстау, қарқынды тоңазыту цехтерін салудан басқа, жергілікті халық жұмыспен қамтылады деген сөз.
Ферманың қуаттылығы жылына 50 тонна балықты құрайды. Жоспарланған жұмыс аяқталғаннан кейін аталмыш көрсеткіш 150 тоннаға дейін ұлғаймақ. Қазіргі таңда жұмысшылар саны да көп емес – балықты көбейтумен 14 адам айналысады.
Басында Рамазан Сулейманович балықты ұстап, оны сатумен айналысатын. Ол балықтың орнын шабақтармен толтырып отырды. Ал шабақты жіберіп, оны келесі бассейнге көшіру үшін шамамен 2-3 ай уақыт кетеді.
Ферманы аралап, оның жұмысымен танысу барысында балық туралы көп қызықты нәрсе білдім. Мәселен, бақтақ бапшыл, талғампаз деп айтуға болатын балық екен. Таза ағын судан басқа, бұл балық үшін судың температурасы да маңызды, су тұрақты түрде ағып тұрғандықтан судың температурасы 10-15 градус деңгейінде ұсталып тұрады. Сонымен бірге, судағы оттек 7-8 мг/литр көрсеткіштен аз да, көп те емес болуы қажет. Екі жылдың ішінде балық екі килограммға дейін салмақ жинайды, алайда салмағы 300-500 грамм балық жоғары сұранысқа ие.
-Ең қиыны, менің ойымша, балықты тауарлық түрге дейін өсіру. Өздеріңіз көргендей, тұрақты түрде оттекке қаныққан суық су қажет. Ол үшін біз арнайы құрал-жабдық қойдық, — деп ЖШС басшысы бізге балыққа азық беруді ұсынды. Балық адамнан мүлде қорықпайды екен. Керісінше, біздің келетінімізді күткен сыңайлы, балық азықтану үшін жақындай бастады. Тіпті, кейбірі судан секіріп шығып, азықты қағып алды.
Айта кетсек, жемнің түрі балықтың жас ерекшелігіне байланысты, ол құрамы ғана емес, өлшемі бойынша әртүрлі болады екен. Польшада өндірілетін жем Алматыдан жеткізіледі.
-Біздің бақтақтың дәмдік сапасы керемет деп айтады, себебі ол таза суда өсіріледі. Осындай оң пікірлер бізді әрі қарай жұмыс істеуге және дамуға ынталандырады, — дейді Рамазан Сулейманович.
Сондай-ақ, «Korday Fish» ЖШС-де тағы да бір «хан» балығы – бекірені өсіруді қолға алу жоспарлануда. Әзірше бұл балық түрін күтіп-бағу жағдайы зерделену үстінде, бассейнге жіберілген балықтардың дамуы қадағалануда. Жоспар ойдағыдай жүзеге асқан жағдайда, бұл өнім саудаға шығарылмақ. 2025 жылға дейін жоспарланған жобаларды толық іске қосу балық өнімін жақын орналасқан өңірлерге, сонымен қатар республикадан тыс экспорттауға мүмкіндік береді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіпкер түрлі сынақтар мен қателіктерге бой алдыру арқылы өзі үшін табысқа жетудің құпиясын ашқан: «Белгілі бір жетістікке қол жеткіздім екен деп тоқтап қалмау қажет. Бизнес үнемі қозғалыста болса ғана дамиды»,-дейді ол.

СОРТӨБЕНІҢ
СҮЙЕМ ЖЕРІ БОС ЕМЕС

Сортөбе ауылдық округінің тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен айналысады. «Идыбо Санху» шаруа қожалығының егін алқаптары ауыл шетінде орналасқан.
Шаруашылық басшысы Ихар Цешанло 1,5 гектар жерге картоп, жүгері және жоғары сұранысқа ие сарымсақ өсіреді. Қазір алқапта жұмыс қызу жүруде, сарымсақтың өзектерін тұқым салып үлгермей, уақытылы жинап алу керек. Себебі өзектерге бірталай қоректік зат кетіп, өнімнің сапасы нашарлауы мүмкін. Өнім шілде айының басында жиналып, Алматыға жолданбақ, себебі ауданда бұл көкөніске сұраныс аз. Өзекті және өнімді жинау үшін шамамен 20 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады.
-Мол өнім алу үшін еңбектену керек. Әр кезеңнің өз ерекшеліктері бар: тұқымды дұрыс таңдап, оны егіп, күтіп-бағу керек. Ауа райы жағдайы да әсер етеді. Өнімділік осының бәріне байланысты, — дейді Ихар.
Расында, Жер-Ана күтіп баптасаң ғана бойынан нәрін береді. Тынымсыз тер төгудің арқасында еңбегі жанған диқандардың бейнеттерінің нәсібі төгілсін дейміз.

РИЗЫҒЫН ЖЕРДЕН ТЕРГЕН
Бүгінде бақша иелері өз бау-бақшаларын түп-түзу етіп, арнайы құрылғыларды қойып, құдды бір картинадағыдай әсемдеп қоятынын көріп жүрміз. Мұндай күтіп-бағылған бау-бақшалар көздің жауын алады. Біз де өсімдіктері сызғышпен сызылғандай түп-түзу қатарларда өсіп тұрған Саровтардың бақшасының жанынан жәй ғана өтіп кете алмадық. Көзге бірден бірнеше сотық жерде өсіп тұрған түрлі-түсті өсімдіктер түсті…
Бұл бақшада үйреншікті қызанақ пен қияр, қырыққабат емес, асжапырақ, райхан, екі түрлі салат өседі екен. Бұл көкөністерді өсіруді Муса Саровтың отбасы қолға алған. Оның ең басты көмекшісі ұлы Мүбәрак жалқауланбасаң, ауылдағы өмір қаланыкінен әлдеқайда жақсы деген пікірде. Дегенмен, ол үшін таң азаннан күн батқанша жұмыс істеу керек. Ал оған әрбір адам шыдай бермейді.
Саровтар бақша жұмыстарына қыста кірісіп, жылыжайға әртүрлі дақылдарды отырғыза бастайды. Олар жапырақты көкөністерді өсіруге ден қойған. Бұл табысты бизнес. Бір маусымда өнім 3-4 рет жиналады, барлығы өсімдіктердің өсу кезеңіне байланысты. Кейбір түрлерден өнімді 30-40 күн ішінде алуға болады. Жер телімінің бір бөлігіне ерте көктемде картоп егіліп, өнімі жиналып үлгерген.
Айта кетерлігі, Мүбәрак Мусаевич судың шығыны аз болып, суғаруға кететін уақытты барынша үнемдеу мақсатында бақшаны суғаруды оңтайландырып, тамшылатын суару әдісін ұйымдастырған. Бұл ретте су түгел бақшаға жайылмай, өсімдіктің тамырына дейін жетеді, ал жаңбырлатып суғару әдісін қолданғанда жердің үстіңгі қабаты ғана суланады. Демек, тамшылатып суару әдісі бойынша су шығыны азайып, өнімділік артады.
Мүбәрак егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын да алып жүр. Қазір бордақылауда оншақты бас ірі қара бар.
-Мен сөзімді әсемдеп сөйлей алмаймын. Отбасым мақтан тұтып, басқалары құрметтеп-қадірлеу үшін еңбектеніп, өмір сүріп жатырмын, — дейді ризығын жерден терген Мүбәрак Саров.

Leave A Reply

Your email address will not be published.