Дүйсенбі күні Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі М.Сембеков, Қордай ауданы әкімінің орынбасары М.Сүгірбай, аппарат басшысы Н.Сатымқұл, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев, жергілікті қауымдастық пен ардагерлер кеңесінің төрағалары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құраларының өкілдері және аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Жиында Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының тоғыз айда атқарған жұмысы туралы баяндама тыңдалды. Оны комиссия төрағасы А.Сырлыбаев оқып, атқарылған ауқымды жұмыстар жайлы егжей-тегжейлі есеп берді. Өз сөзінде А.Сырлыбаев жақында ғана өткен республикалық референдумға тоқталып өтіп, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін жауапты науқанда атқарған жұмыстары үшін алғысын айтты. Сонымен қатар, ол осы уақытқа дейін аумақтық сайлау комиссиясының жұмысына ешбір шағым түстпегенін, ешқандай құқықбұзушылық орын алмағанын да атап өтті.
Кейіннен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі М.Сембеков сөз кезегін алып, сайлау егемендігіміздің бір нышаны екенін айтып, Президенттің сайлау үдерісін жаңарту қажеттігі туралы тапсырмасына тоқталды. Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің еңгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізгенін атап өтті.
Келесі кезекте Республикалық референдум науқанында жоғары белсенділік танытқан комиссия мүшелерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Ортаға аталған жауапты науқанда үлгілі жұмыс атқарған азаматтар кезек-кезегімен шақырылып, оларға Жамбыл облысы әкімінің «Алғыс хаты», Қордай аудан әкімінің «Алғыс хаты», ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасының «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаты», Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының «Алғыс хаты» тапсырылды.