ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

0

Жуырда аудан әкімдігінде аудан басшысы Мәден Мұсаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері және басқа да мекемелер мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Күн тәртібінде бірнеше сұрақ қаралды. Алдымен ағымдағы жылдың 9 айының және жылдың қорытындысымен бюджетке түсетін кірістер мен шығыстардың орындалу барысы болды. Аталмыш сұрақ бойынша аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Найманхан Абдрашев баяндамасын ұсынды. Аудан қаражатының кіріс пен шығыс бөлігінің жағдайы туралы айтып берген баяндамашының сөзін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Абусейіт Ажмаханов жалғастырды. Аудан өмірі үшін мемлекеттік бюджетке түсетін қаражаттың қаншалықты маңызды екендігін ескеріп, аудан басшысы осы сұрақ бойынша біраз сын-пікірлер айтып, нақты ұсыныстар берді. Осы күнгі кеңесте тағы да ерекше назар аударылып қаралған мәселе алдағы сайлау науқаны болды. Науқанға қарсы дайындық жұмыстары жайлы аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай баяндама жасады. Жалпы аудан бойынша аса маңызды саяси науқанға дайындық жұмысы қарқынды жүруде. Еліміздің болашағын анықтайтын кезең аудан әкімдігінің ерекше назарында.
«Сайлау науқаны өте жоғары дәрежеде өткізілуі тиіс. Бұл сайлау ерекше маңызға ие. Еліміздің болашағын анықтайтын іс-шара барысында біз өз біліктілігімізді көрсетуіміз керек», — деді Мәден Мұсаев.
Осы орайда Мәден Тоқтарбайұлы әрбір ауылдық округі әкімінің дайындық мәселелерін зерделеп, тиісті тапсырмалар берді. Сонымен бірге кеңес барысында ветеринарлық пункттерді ғимаратпен қамту мәселесі, күзгі дала жұмыстарына дайындық туралы, жанар-жағар май, дизель отыны және газ бағасы, жылыту маусымына дайындық барысы, Қордай, Сортөбе ауылдарындағы коммуналдық пәтерлерді газға қосу жұмыстары, жалпы газға қосу жұмыстарының барысы, әділет басқармасына тіркелуі, санитарлық тазалық жұмыстары, баспасөзге жазылым мәселесі, Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы, «Асарлатып үй салу» жобасының барысы және өзге де сұрақтар қарастырылып, талқыланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.