«Туған жер ешнәрсе жоқ сенен ыстық, өйткені сенде өсіп сенен ұштық», деп айтқандай осы Қордай ауданымызда өсіп, жетілдік. Білімді 1950 жылы Тоқмақ қаласындағы сельхозтехникумда алып, техник-механик мамандығын игеріп, сол жылы Фрунзедегі қазіргі Бішкекте Скрябин атындағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны 1955 жылы бітіріп инженер-мехник деген диплом алдым. Содан еңбек жолым бастау алды.
Институттан жолдамамен КирССР Нарын облысы, Ауыл шаруашылығы басқармасында бас инжинер болып істеп, одан бір жылдан соң Тоғыз Торо «МТСына» бас инженер болып ауыстым. Одан Ыстық көл облысына ауысып, «Кок Мойнок» совхозында бас инженер болып үш жылдан аса істедім. Бас аяғы Қырғызстанда бес жыл еңбек етіп, 1959 жылы шақыру бойынша Қазақстанға ауысып, өз өскен жерім Қордай ауданы «Колос Алмалы» совхозында бас инженер болып 1959 жылдан бастап «табаны күректей» 40 жыл қызметте болдым. Содан, 1956 жылдан бастап есептегенде 44 жылдық тәжірибемен зейнетке шықтым. Зейнетте жүріп 18 жыл Қарасай ауылдық округінде ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып қоғамдық қызметке араластым.
Жасаған жас, істеген еңбек жеміссіз, бағасыз болған жоқ. Жамбыл облысының «Құрметті ардагері», Қордай ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Берілген мемлекеттік наградалар қатарында 12 медаль бар, төс белгілер, әртүрлі атпен берілген марапаттар, Құрмет грамоталар, Алғыс хаттар жетерлік. Сонымен қатар, екі жолы Алматыда өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне, Мәскеуде болған көрмеге бардым. Ленинград қазіргі Санкт-Петербург, Одесса, Севастопольға саяхаттап қайттым. Сонымен қатар, бірнеше жолы «Атадан аманат-ұрпаққа ұлағат» атты бата жарысында қатысып бірінші орын алып, «Шежірелі қария» атағы беріліп, ол туралы газетке жазылды. Екінші жолы 2019 жылы «Батамен ел көгерер» атты жарыста алысқа Астанаға бара алмассыз деп екінші орын берді. Ол да жетістік.
Осы кезеңдерде 6 кітабым жарық көріпті. Жекелей тоқталсам, «Қарасай ұрпағы — Түктіқұрт ұрпақтары», «Қарасай батыр ұрпақтары», «Жөн көрдім жинақтауды өткендерді», «Аманат», «Ақ бата» «Қасиетті ақ бата асыл қазына» деп аталады. Жазылған кітаптарға алғы сөздерін жазып, «Жазуға жарайды», — деп рұқсаттарын, тілектерін берген жазушылар қатарында Жарасбай Сүлейменов болды. Ол менің 2008 жылы жазылған «Жөн көрдім жинақтауды өткендерді» кітабыма өзінің ой пікірін айтып, ризалығын білдіріп, алғыс сөзін жазды. Жарасбай Сүлейменов ҚР жазушылар Одағының мүшесі, журналистер Одағының мүшесі, «Мағжан» журналының бас редакторы, Мәжіліс депутаты, солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Журналистер одағы» сыйлығының иегері. Ал, жерлесіміз Несіпбек Дәутайұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Үздік көркем шығармаларға арналған әдеби бәйгелердің үш мәрте жүлдегері. Қордайдың «Қоңыр Кұлжасы» атанған Несіпбек Дәутайұлы менің «Аманат» атты жыр жинақ кітабіме өзінің ой пікірін айтып, жазып, ризашылығын білдіріп, алғыс сөзін жазған болатын.
Сөз соңында оқырманға жыр жолдарын жолдасам деген ниетім бар.
Ой-толғау өмірге
Жасым 93-ке келді, жылым – мешін,
Өлімнің кім біледі ерте – кешін.
Кейінгі ұрпақтарға керек болар,
Жазды деп ойламасын мұның несін.
Өскен жер, жасаған жас, жүрген жерім,
Кең пейіл адал жүрек шыққан тегім,
Кетер ме көңілімнен көз жұмғанша,
Жайлап, қыстап, күздеген асқар белім.
Беріктас, Утаспенен, Қарашаңылақ,
Ер жеттік сол өңірде өмір жалғап.
Қайғы жоқ, уайым жоқ, қайран жастық,
Сол күндер енді оралмас кетті заулап.
Кім келіп, кім кетпеген бұл жалғаннан,
Мәңгі боп бұл жалғанда кім бар қалған.
Хан да өткен, қара да өткен, дана да өткен,
Жасаған солай етіп құдай тағалам.
Баласы мен Уәлидің Асық атым,
Ойым жоқ болған жайды жасыратын.
Көз тұман, құлақ керең, жас тоқсанда,
Жас екен көп жүргізбей отыратын.
Жас жетті жылдар өтті 90-ды асып,
Бірге өскен дос қалмады ақылдасып.
Сондықтан, тоқтатайын жазғандарды,
Жас жетіп қартайған соң қайрат қашып.
Сөз жаздым бір азыр-ақ өмір жайын,
Өмір өтер уақыт өткен сайын.
Қазіргі бұл жазғандар ойда бары,
Ойда жоқты қазбалап не қылайын.
Жазғаным ескерткіш боп есте қалсын,
Кейінгі ұрпақ ескерсін, есіне алсын.
Осымен сөз жазғанды тоқтатайын,
Ұрпағым талабы бар қабыл алсын.
Асық УӘЛИҰЛЫ, Қордай ауданының Құрметті азаматы