Қолөнер бүгінде қайта сәнге айналды. Халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатқан бұл өнер тұрмысымызға сән беріп, адамға рухани ләззат сыйлайды. Қазір қолдан жасалатын бұйымға сұраныс жоғары. Өйткені жұрт көшірме заттан гөрі арнайы талғаммен жасалатын дүниелерге мән бере бастаған. Қыз-келіншектер қолөнерді хоббиі санаса, енді бірі бұған табыс әкелетін жұмысы ретінде қарайды. Ал бүгінгі кейіпкеріміз, Қордай ауылының тұрғыны, көп балалы ана Гүлзира Тәуекелова қолөнерді қолға алып, сүйікті ісімен айналысып отырған жан.
66 жастағы қолөнер шебері тоқыма өнеріне бала кезден қызыққанын айтады. 6 жасар қыз анасынан әуелі қолғап, шұлық тоқып үйренеді. Есейе келе ересектерге жеңсіз жейде, кішкентай балаларға түрлі-түсті жіптерден әдемі киімдер тоқуды ермек қылады. Ал осыдан бір жыл бұрын әдемі аяқ киімдерді де тоқып бастады. Ең басында Гүлзира Арыққұлқызы өзінің балалары мен немерелеріне тоқып беріп қолын жаттықтырып жүрген. Содан соң, сыйлық ретінде туған-туыстары мен жекжаттарына ұсынған болатын. Ал, бөтен адамдардың өзінің қолынан шыққан аяқ киімдерге деген қызығушылықтарын көрген кезде, ғаламтор желісінде парақша ашып, тапсырыстар қабылдай бастады.
«Үйде ғана емес, сыртта да киюге арналған тоқылған бұйымдарды жасау үшін барлығын да ойластыру керек. Кез келген бұйымнан аяқкиімді жасап шығаруға болмайды. Сонымен қатар, дұрыс, сапалы табанды таңдап алу – өте маңызды», деп бөліседі бізбен шебер.
Сапалы аяқ киімді тоқу үшін, табандар мен жіптерді ол алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдырады. Тапсырыстар да оған көбінесе сол қаладан түсіп тұрады. Тапсырыс берушілердің көбісі – медицина қызметкерлері. Ал жақында көрші жігіт кроссовкиге тапсырыс беріп, жаңа аяқ киімнің жарасып кеткеніне қатты қуанды.
Айта кетейік, ауылдың адамдарының көбісі Күләш апа ретінде танитын Гүлзира Арыққұлқызы, жұбайы Есенбай Калимбетовпен бірге 6 баланы өсіріп, тәрбиеледі. «Күміс алқа» иегері 4 ұлды ұяға, 2 қызды қияға қондырып, 20 немеренің әжесі болып отыр. 53 жасында зейнетке шықпай тұрып, балалар бақшасында тәрбиеші қызметін атқарған.
«Мен бірінші сыныпта оқып жүрген кезде, інім жаңадан туылып, мен оған қолғап тоқып беруге ниеттендім. Алайда, жасым тым кіші болғандықтан, тек саусақтың бір бармағын ғана тоқи алдым. Қазақта бір жақсы мақал бар ғой: «Үйрен де, жирен» деген. Сондықтан, мен де бір орында тұрмай, ары қарай басқа заттарды тоқуға да үйренгім келеді. Алдағы уақытта әйелдер сөмкесін жасасам деген ниетім бар», дейді.
Қазіргі таңда, кейіпкеріміздің кіші қызы Алматы қаласындағы фабрикада жұмыс атқаруда. Ол қыз-келіншектерге арналған кәжекей тігеді. Әрине, тігу, ою-өрнектермен көйлекті безендіру, әдемілік пен сұлулықты жасау – анасынан үйренген өнер. Есенбай Баймағанбетұлының айтуынша, қызы анасын өзіне цех ашу үшін көмектессін деп шақырып жатыр. Бірақ жұбайын жіберуге Есенбай аға асықпайды. «Осы ауылда да екеуміз жақсы өмір сүріп жатырмыз, шүкір, еш уайым бізде жоқ», дейді.
«Гүлзира түнгі 3-ке дейін жұмыс істеп отырып алады. Кейде онысына ренжіп жатамын. Бірақ, тоқу ісіне қатты кірісіп кеткен жұбайым уақыттың қалай өткенін байқамай да қалады. Сол істен қаншалықты ләззат алып отырғанын мен көріп жүрмін. Сондықтан, оған барлық жағынан көмегімді және қолдауымды көрсетуге тырысамын», — дейді Есенбай Калимбетов.
Аяқ киімнен басқа Гүлзира апа қалдық пакеттерден аяқ астына төсейтін әдемі кілемшелер де тоқиды. Тоқып үйрену үшін, біздің кейіпкеріміз «Өрнек» атты онлайн курстардан тәлім алып, сертификатқа ие болды. Ал материалдардың шебер ең қарапайымдарын алады: жүн, иран жіптері, капрон.
Гүлзира Тәуекелованың айтуынша, ол әлі конкурстарға немесе көрмелерге қатысқан жоқ, бірақ оны да көргісі келеді. Ол шығармашылықтың бұл түрінде өзін бақытты сезінуге мүмкіндік беретін ең маңызды нәрсе дейді. Тоқылған аяқ киім-бұл қолөнершінің басты ерекшелігі. «Он саусағынан өнер тамған» кейіпкеріміздің әдемі заттарды бар жан-тәнін салып жасағаны анық көрініп тұр. Біз оның алда тағы талай әдемі заттармен елді қуантатынына сенімдіміз. Олай болса, Гүлзира апаға шын жүректен зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз.
Мадина УЗБЕКОВА